- Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде жұмыстардың созылып кету қаупі туындап отыр. Егер күзде өңірлерде энергия нысандарының дайындық паспорттарын алмайтын жағдайлар тіркелетін болса, онда өңір әкімдері тікелей жауап береді. Осыған байланысты мынадай тапсырмалар беремін. Біріншіден, өңір әкімдіктері екі апта мерзімде барлық конкурстық рәсімдерді өткізіп, жөндеу жұмыстарына нақты кірісуі қажет. Ешқандай басы артық бюрократия болмауы керек. Жылумен қамтамасыз ету нысандарын жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңынан кешіктірмей аяқтау қажет. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, өңір әкімдіктері 1-ші қыркүйекке дейін білім беру және денсаулық сақтау нысандарының толығымен дайын болуын қамтамасыз етсін, - деді О.Бектенов.
Оның айтуынша, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары 15-ші қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде – 15-ші қазанға дейін толық әзір болуы тиіс.
- Әкімдерге жылу нысандарына тұрақты негізде барып, жағдайды жеке бақылауға алуды тапсырамын. Екіншіден, KEGOC компаниясы Энергетика министрлігімен бірлесіп, 25-ші мамырға дейін ұлттық маңызы бар станцияларға арналған жабдықтардың жұмыс режимдерін бекітуі керек. Жұмыстардың көлемі мен оларды қаржыландыруды қысқартуға тыйым саламын. Әрбір факт бойынша меншік иелеріне, сол сияқты басқарушы компанияларға қатысты шаралар қабылданатын болады, - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Энергетика министрлігіне Көлік министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, 1-ші қыркүйекке дейін жылу көздері мен теміржол тұйықтарында отын қорын алдын ала жинақтауды қамтамасыз ету жүктелді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ел аумағында 2025 жылы электр энергиясын тұтыну 2024 жылмен салыстырғанда 4,6 млрд кВт/сағатқа немесе 3,8 пайызға артып, 124,6 млрд кВт/сағатты құрады.