Энергия ресурстарын тұтыну құрылымында көмірдің орнын табиғи газ басады - «Ұлттық энергетикалық баяндама»

АСТАНА. ҚазАқпарат - KAZENERGY қауымдастығы бүгін «Ұлттық энергетикалық баяндаманың» 2-ші шығарылымына арналған баспасөз мәслихатын өткізді.

«Ұлттық энергетикалық баяндаманың» екінші шығарылымында дүниежүзілік экономиканың негізгі үрдістерінің қазақстандық сегменттегі жағдайға әсері, Қазақстан мұнайының ауқымын сақтап қалу және арттыру мүмкіндіктері жан-жақты талданған. Баяндама авторлары көмір өндірісінің болашағына, қазіргі жағдайға және Қазақстан уранына сұраныс перспективасына, электр энергиясы өндірісін ұлғайтудың тиімділігіне және басқа да салаларға зерттеу жүргізген.

Қазіргі кезең тек энергетикалық сала үшін ғана емес, жалпы Қазақстан экономикасы үшін де қиын-қыстау кезең. Қазірде республиканың мұнай-газ саласын дүниежүзілік сын-қатерлерге біртін-біртін бейімдеу, Қазақстан мұнайын өткізетін нарықты сақтап қалуға мүмкіндік беретін сарапталған, тұжырымдалған уақтылы шешім қабылдау қажеттігі және еліміздің тұтынушылары үшін мұнай өнімдері бағасының қолжетімді болуы ең өткір мәселе болып тұр», - делінген баяндамада.

ҰЭБ авторлары электр энергиясын тұтынушылар санының өсу келешегі туралы айта келіп, энергия тұтынушылардың саны бұрын болжамданған мөлшерден аз болатынын атап көрсеткен. Болжам бойынша электр энергиясын қорытынды тұтыну мөлшерінің орташа жылдық қарқыны 2015-2040 жылдар аралығында 1-1,2 пайыз деңгейде болады және де электр энергиясы өндірісінің ауқымы 2030 жылы 111 млрд. кВт*сағ. деп бағаланып отыр. Мұның өзі кем дегенде 34 млрд. кВт*сағ., яғни Қазақстан бойынша базалық болжамнан аз.

Баяндамада 2015 жылы Қазақстанның маңызды серіктесі әрі энергия ресурстарының ірі тұтынушысы Қытайдың энергетикалық секторының дамуына зерттеу жүргізілген. Қытай энергия ресурсын өткізетін ірі нарық болып қала береді деп күтілуде. Десе де Қазақстанның Қытайға көмір және электр энергиясын экспорттау бойынша мүмкіндіктері шектеулі. Қытайға уран экспорты ондағы уран қорының жинақталу қарқынына байланысты болашақта 56 пайыз үлеспен азайтылуы мүмкін.

Мұнай өнімдерін тұтыну бөлігінде Қазақстанда оны тұтыну мөлшері біршама өседі және МӨЗ жаңартылуына қарай өндіріс және тұтыну балансына қол жеткізіледі деп күтілуде.

Баяндама авторлары мұнайға деген дүниежүзілік сұраныстың азаюына қарай газ өндіру және тұтыну мөлшерінің артатынын болжамдап отыр. Ішкі нарыққа табиғи газ жеткізілімінің артуы бірте-бірте энергия ресурстарын тұтыну құрылымында көмірдің орнын басады деп күтілуде.

Қазақстанда энергия ресурстарын тұтыну балансында көмірді пайдалану үлесі шамамен 66 пайызды құрайды. Бірақ, республикадағы газ өндірісінің, атом энергетикасы және жаңаратын энергия көздерінің дамып келе жатқанын ескерсек, көмір үлесі 2040 жылға қарай 40 пайызға дейін төмендейді деп болжанған.