Айта кетейік, биылғы қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған арнайы бағдарламаны әзірлеуді тапсырған болатын.
Құжат бойынша бүгін Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, талқылаулар барысында жергілікті атқару органдарының өнеркәсіптік және тұрғын үй коммуналдық кәсіпорындарының, қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып, бағдарламаға жаңа энергия тұтыну жүйесін құру бойынша жұмыстардың негізгі бағыттары енгізілді.
«Энергия үнемдеу - 2020» бірнеше бағыт бойынша жаңа қадамдарды қарастырады. Оның ішінде энергия тиімді кәсіпорын бағытында өнеркәсіптік кәсіпорындардың энергия тиімділігін міндетті түрде 30 пайызға арттыру шараларын іске асыру, энергия тиімді құрылыс бағытында 2015 жылдан бастап барлық құрылыстық нормаларды, ережелерді қатаңдатып, энергия тиімді құрылысты қамтамасыз ету, энергия тиімді көлік бағыты бойынша теміржол локомотивтері мен әуе кемелерін жаңартып, отынды пайдалану көлемін 30 пайызға дейін төмендету тұрғысында үнемді көліктерді сатып алуға халықты ынталандыру шаралары ескерілген.
Сонымен қатар осының аясында 2020 жылға дейін бюджеттік секторда энергия ресурстарды тұтынуды 25 пайызға дейін төмендету арқылы аталған мекемелердің энергия тиімділігін арттырудың кешенді бағдарламасын жүзеге асыру ескерілген.