Энергия және су үнемдеу технологияларын дамытуға басымдық беру шарттары қарастырылады - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сумен жабдықтау және су бұру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Аталған заң жобасы сумен жабдықтау және су бұру саласындағы мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру мақсатында әзірленген. Сонымен қатар, құжат сумен жабдықтау және су бұру саласын құқықтық реттеудегі коллизияларды болғызбау және олқылықтардың орнын толтыру болып табылады.

Бұл ретте Су кодексіне елді мекендердегі сумен жабдықтау және су бұру саласындағы қатынастарды нақтылайтын жаңа ұғымдар енгізіледі. Су заңнамасындағы су бұру және сумен жабдықтау саласының құқықтық қатынастарына қатысушылар мүдделерінің балансын қамтамасыз ету бөлігіндегі мақсаттар нақтыланады. Бұдан бөлек, энергия және су үнемдеу технологияларын дамытуға басымдық беру үшін шарттар қарастырылады.

Сонымен қатар, құжат бойынша елді мекендерді сумен жабдықтау жүйелерін ұйымдастыру мәселелері реттеледі. Ауыз сумен жабдықтау мен кәріздер, олардың құрамдас бөліктерін иесіз, қараусыз санатқа жатқызу тәртібі айқындалып, олар есепке алынады. Ал Су кодексінде сумен жабдықтау және су бұру саласындағы тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері айқындалады.

Бұдан бөлек, заң жобасында энергия мен суды үнемдеу, ауыз суды тиімді пайдалану талаптарын негізге ала отырып, суды коммерциялық есептеу аспаптарын міндетті түрде орнатуға қатысты нақтылайтын нормалар енгізіліп отыр. Яғни, ауыз судың сапасына және белгіленген санитарлық қағидалар мен гигиеналық нормативтерге сәйкес, ауыз сумен жабдықтау көздеріндегі судың сапасына бақылау жүргізуге қойылатын талаптар регламенттеледі.