EnergyTech платформасы: жылыту маусымындағы қауіптерді азайтудың жаңа цифрлық тетігі
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігі отын-энергетикалық кешенін басқарудың сенімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді енгізіп жатыр. Цифрландыру нәтижесінде жылыту маусымындағы апаттылық тәуекелі 25%-ға азаяды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
Қазіргі уақытта министрлік «Отын-энергетикалық кешенді басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» (EnergyTech) атты салалық платформаны жүзеге асырып жатыр.
— EnergyTech платформасы QazTech стандарттарына сәйкес әзірленген бірыңғай цифрлық шешім негізінде энергетика, жер қойнауын пайдалану, қайта өңдеу және көмір өнеркәсібі сияқты ӨЭК-тің барлық салаларын біріктіреді, — деп хабарлады министрліктен.
Ведомствоның мәліметінше, платформаны толық көлемде іске асыру және өнеркәсіптік пайдалануға енгізу 2026–2027 жылдары жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда жеті цифрлық сервис жұмыс істейді, оның екеуі энергетика секторында: күзгі-қысқы кезеңге дайындық пен өту барысын мониторингтеу бойынша цифрлық сервис; шекті тарифтерді бекітуге арналған цифрлық сервис.
2025 жылы күзгі-қысқы кезеңге дайындық пен өту барысын бақылау жөніндегі салалық сервис тәжірибелік пайдалануға енгізілді. Бұл сервис активтерді толық есепке алуды және бақылауды, нысандарды онлайн-мониторингтеуді, жөндеу жұмыстарын бірыңғай цифрлық ортада жоспарлауды қамтамасыз етеді.
— Жүйеде барлық объектілер, тораптар мен жабдықтар бойынша цифрлық тізілімдер құрылды, олар деректерді бірыңғайландыруды, активтердің типтеуін және оларды нормативтер мен жөндеу циклдерімен байланыстыруды қамтамасыз етеді. Келесі кезең — қағаз түріндегі ақау журналдарынан цифрлық тізілімдерге көшу, бұл бақылау сапасын арттырып, шешім қабылдау тиімділігін жоғарылатады, — делінген хабарламада.
Күтілетін нәтиже:
- жылыту маусымына дайындықты бақылау мерзімін 90 күнге дейін қысқарту;
- жылыту маусымындағы апаттылық тәуекелін 25%-ға төмендету.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы станциялардың шекті тарифтерін бекітуге арналған өтінімдерді қабылдау және қарау бойынша цифрлық сервис тәжірибелік пайдалануға енгізілді.
Бұл сервис қағаз құжат айналымын толығымен жояды, процестің ашықтығы мен басқарылуын арттырады, сондай-ақ мерзімдер мен операциялық шығындарды қысқартады. Қазіргі кезеңде сервис 63 субъектіні, 83 генерация нысанын және 1 600-ден астам өңделген құжатты қамтиды.
Негізгі нәтижелер:
- келісу регламенттеріндегі бизнес-процестердің саны екі есе қысқарды;
- өтініш берушілерге түсетін әкімшілік жүктеме 56%-ға азайды.
Сонымен қатар, министрлік электр энергиясын есепке алудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу ауқымын кеңейту жұмысын жалғастырмақ.
Еске сала кетейік, қарашадан бастап энергетика саласындағы сатып алу платформасы іске қосылады.