ENRC тобына кіретін «КЭК» АҚ президенті кубогына арналған шағын футболдан балалар жарысы өз мәресіне жетті

АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ақсу қаласында шағын футболдан турнир аяқталды. «Еуроазиалық энергетикалық корпорациясы» АҚ президентінің кубогына арналған жарысқа 8 мектеп командалары күресті. Барлық ойыншылар дипломдар мен сыйлықтар алды, - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.

Жарысқа 14-16 жастағы балалар қатысты. Әр команда әдемі және қызу ойын көрсетті. Финалда №8 мектеп пен мектеп-лицей құрамасы кездесті. Нәтижесінде бірінші орынды №8 мектеп иеленсе, лицей мен №7 мектеп командасы 2-3 орындарды бөлісті. Сонымен қатар Есенәлі  Дүйсенбай «Үздік шабуылшы» аталды, Ринат Нәбиев «Үздік қорғаушы», Артур Герман «Жарыстың үздік ойыншысы» атанды. Әр ойыншы Еуроазиалық энергетикалық корпорациядан диплом мен  ақшалай сыйлық алды. Сыйлықтарды тапсырған «ЕЭК» АҚ президенті Абдуазим Рустамбаев: «Біз жарысты барынша қызықты өткізуге тырыстық. Ол енді жыл сайын өткізіледі. Сол үшін ашылу рәсіміне біз «Ертіс» футбол клубының бас жаттықтырушысы мен спортшыларын шақырдық. Біздің алдымызда барлық жолдар ашық, және де біз балаларға көмектесуге тырысамыз», - деді.