Концерт басталмай тұрып-ақ стадион маңына көрермендер көптеп жиналды. Олардың арасында әншінің шығармашылығын 20 жылдан астам уақыт тыңдап келе жатқан жанкүйерлер де, концерт үшін басқа елдерден арнайы келген қонақтар да болды.
Энрике Иглесиас сахнаға шыққанда көрермендер оны зор қошеметпен қарсы алды. Концерт бағдарламасына әлемдік чарттардың көшін бастаған Bailamos, Hero, Escape және Tonight секілді танымал әндер енді.
Әсіресе көпшілікке жақсы таныс хиттердің алғашқы әуені естілген сәтте стадион ерекше жанданды. Бірнеше буын өкілдері әншімен бірге ән айтып, концертті үлкен музыкалық кешке айналдырды.
– Бұл көпшілік үшін шетелдік жұлдыздың кезекті концерті ғана болған жоқ. Иглесиастың әндері көрермендерге алғашқы махаббатты, жастық шақты, саяхаттар мен өмірдің есте қалған сәттерін еске түсірді, – деп жазады Kazinform тілшісі.
Әнші шамамен 1,5 сағатқа созылған концерт бойы көрермендермен белсенді байланыс орнатты. Жанкүйерлер оның әндерін қосыла орындап, әр композицияны қошеметпен қарсы алды.
Концерттің финалында Энрике Иглесиас қазақстандық көрермендерге қазақ тілінде алғыс айтып, өнер көрсетуін аяқтады.
Астанадағы концерт әншінің Қазақстанға қыркүйектегі сапары аясындағы алғашқы өнер көрсетуі болды. Келесі концерт 5 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.
Концерт аяқталғаннан кейін бірқатар жас көрермен бірден тарамай, экологиялық акцияға қосылды. Олар стадион аумағында қалған қоқысты жинауға көмектесті.
Көрермендерді «Астана Аренаға» жеткізу үшін арнайы шаттл бағыттары да ұйымдастырылды.
Айта кетейік, бұған дейін Энрике Иглесиастың концерті кезінде «Астана Арена» маңында көлік қозғалысы шектелетіні хабарланды.