ЕО америкалық X платформасына €120 млн айыппұл салды
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық Одақ (ЕО) америкалық X әлеуметтік платформасын Цифрлық қызметтер туралы заң (DSA) талаптарын бұзғаны үшін 120 миллион еуро мөлшерінде айыппұлға тартты. Бұл туралы Еуропалық комиссия хабарлады, деп жазады Анадолы.
Хабарламаға сәйкес, миллиардер Илон Маскқа тиесілі X платформасына ЕО цифрлық контент саласындағы ережелер мен ашықтық талаптарын орындамағаны үшін айыппұл салынды.
Еурокомиссияның айтуынша, шешім X платформасы көк верификация белгісін дұрыс емес түрде көрсеткені, жарнама кітапханасы ашық болмағаны және зерттеушілердің платформаның жалпыға қолжетімді мәліметтеріне кіре алмауы себепті қабылданды.
Аталған бұзушылықтардың сипаты, ұзақтығы және салдары ескеріліп, компанияға 120 миллион еуро айыппұл белгіленді.
Еурокомиссия бұл — DSA талаптарына сәйкес келмеу бойынша ақша айыппұлымен қабылданған алғашқы шешім екенін атап өтті.
— X платформасы 60 жұмыс күні ішінде көк верификация белгісін дұрыс пайдалануды қамтамасыз ету үшін түзету шараларын, ал 90 жұмыс күні ішінде жарнама кітапханасын ашық ету және зерттеушілерге мәліметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарын ұсынуы тиіс, — делінген хабарламада.
ЕО елдерінде жұмыс істейтін ірі платформалар Одақтың цифрлық ережелерін сақтауға міндетті, ал заңбұзушыларға Еурокомиссия ірі айыппұл сала алады.
Бұдан бұрын Netflix компаниясы Warner Bros-ты 82,7 млрд долларға сатып алатынын жариялады. Осылайша ең ірі стриминг сервисі «Касабланка», «Гарри Поттер» франшизасы сияқты фильмдерді түсірген әйгілі студиямен бірігеді