ЕО елдері соғысқа қатысқан шетелдіктердің елге кіруін шектеді

Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM — Эстония билігі үшінші елдің аумағындағы әскери қақтығыстарға қатысқан деп танылған 261 адамға елге кіруге тыйым салды. Аталған тұлғалардың Эстонияда тұруға рұқсаты болған, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Бұл туралы Эстонияның сыртқы істер министрі Маргус Цахкна X әлеуметтік желісінде мәлімдеді.

Сыртқы істер министрінің айтуынша, бұл — осындай сипаттағы алғашқы шешімдер және алдағы уақытта тізім кеңеюі мүмкін.

Таллин билігі қабылданған шаралар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталғанын және Шенген аймағы елдерінің ұстанымдарымен үйлесетінін атап өтті.

Эстония тарапы қақтығыстарға қатысқан көптеген адамның әскери тәжірибесі бар екенін, сондықтан олардың елге кіруі ықтимал қауіп ретінде қарастырылатынын жеткізді. Осыған байланысты билік шекаралық бақылау мәселесіне алдағы уақытта да ерекше көңіл бөлмек.

Маргус Цахкна Эстонияның Еуропалық Одақтағы серіктестерімен әрекеттерін үйлестіруді жалғастыратынын, сондай-ақ өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке басымдық берілетінін атап өтті.

Бұдан бұрын қазақ-эстон бизнес-форумында жалпы құны 517 млн АҚШ долларынан асатын келісімдер бекітілгенін жазғанбыз. Соның ішінде мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық меморандумы жасалды.