ЕО елшісі Қазақстандағы стратегиялық маңызды шикізат зертханасы туралы айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельге сапары барысында Қазақстанда жұмыс істеуге қызығушылық танытып отырған еуропалық бизнес өкілдерімен нәтижелі кездесулер өткізді. Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Еуропалық одақ елшісі Алешка Симкич журналистермен кездесуде мәлім етті.

Фото: Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігі

Оның айтуынша, кездесуге негізінен бизнес-форум мен дөңгелек үстелге Қазақстанда жұмыс істеп жүрген немесе елімізбен әріптестік туралы келісімдерге қол қойған компаниялардың өкілдері қатысты.

— Басқа келісімдердің ішінде мен үшін ерекше маңыздысы — стратегиялық маңызды шикізат жөніндегі зертхананы құру туралы келісім. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен саммитте көтерген болатын. Оның мақсаты — стратегиялық маңызды шикізатты тек өндіріп, экспорттау емес, оны Қазақстанның өзінде жан-жақты зерттеп, талдау жүргізуге мүмкіндік жасау, — деді елші.

Алешка Симкичтің айтуынша, Брюссельде осы жоба аясында Еуропалық қайта құру және даму банкі мен француздық Bureau Veritas компаниясымен келісімге қол қойылды.

— Бұл компания зертхананы салудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлейді. Яғни зертхананың қай жерде және қандай форматта салынатынын айқындап, құрылыс басталғанға дейін орындалуы тиіс барлық дайындық жұмыстарын зерделейді, — деп толықтырды ол.

Алешка Симкич кездесу барысында, Брюссельде өткен келіссөздер барысында экономикалық ынтымақтастыққа қатысты бірқатар маңызды келісімге қол қойылды. Олардың ішіндегі ең ауқымдысы — Airbus компаниясымен 50-ге дейін ұшақ сатып алу туралы келісім. Сонымен қатар Еуропалық инвестициялық банкпен автомобиль жолдарын жаңғыртуға 150 млн еуро көлемінде несие беру туралы келісім жасалды. Елшінің сөзінше, бұл қаржы Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға бағытталады. Жоба аясында Қазақстанның оңтүстік-батысындағы, Орталық Азия елдерін Транскаспий бағытымен байланыстыратын негізгі жол учаскелерін жаңғырту көзделгенін атап өтті.

Бұған дейін ЕО елшісі визалық рәсімдерді жеңілдету туралы келісімнің қашан күшіне енетінін айтқан еді.