Брюссельдегі саммитте бес сағаттан аса келіссөз жүріп, гуманитарлық жүктерді қауіпсіз әрі кедергісіз жеткізуге шақыратын ортақ мәлімдеме жасау туралы шешім қабылданды.
7 қазанда ХАМАС Израильге шабуыл жасап, 1400 адамды өлтіріп, 224 тұрғынды тұтқынға алғаннан кейін Израиль Газа секторын бомбалауды бастап, жылу беруді тоқтатып, азық-түлік пен басқа да өнімдерді кіргізбей қойды.
ХАМАС басқаратын Газа секторының денсаулық сақтау министрлігі содан бері өңірде 7000-нан астам адам өлтірілгенін, жергілікті денсаулық сақтау жүйесі құрып кету алдында тұрғанын мәлімдеді. Ауруханалардың үштен бір бөлігі жұмыс істемейді, басқалары тек жедел медициналық көмек қажет науқастарды ғана қабылдайды.
Кейінгі күндері Газаға тек аз көлемде көмек түсе бастады.
ЕО көшбасшыларының саммиті ХАМАС шабуылын сынға алып, «халықаралық құқыққа сәйкес Израиль өзін қорғай алатынын атап өтті».
«Еуропалық кеңес Газа секторындағы гуманитарлық жағдай нашарлап кеткеніне алаңдап, мұқтаж адамдарға гуманитарлық дәліз бен гуманитарлық қажеттілікті жеткізу үшін үзіліс секілді шараларды ұйымдастыруға шақырады», - делінген саммит мәлімдемесінде.
«Гуманитарлық үзіліс» дегеніміз – ЕО «бейбіт тұрғындарды қорғап, көмек көрсетіп, тамақ, су, медициналық көмек, отын мен тұрғын үйге қол жеткізуді жеңілдетіп, көмектесу үшін өңірдегі серіктестермен келісімге келу» мақсатында бірнеше сағат соғысты тоқтата тұру», - делінген мәлімдемеде.
Бұл көзқарасты Израильді жақтайтын Мажарстан, Аустрия, Чехия мен Германия сынды Еуропа елдері де қолдады.
Ирландия мен Испания көшбасшылары келіссөз басталар алдында журналистермен тілдесіп, соғысты тоқтатуға шақырды.
Еуропалық Одақ жақын арада халықаралық бейбіт конференция өткізуді қолдағанын атап өткен жөн.
ЕО әскери держава емес. Оның қолынан келетіні – дипломатиялық қысым көрсетіп, көмек жеткізу.
Саммитте қабылданған мәлімдеме ештеңені өзгерте алмауы да мүмкін. Себебі, бұған дейін Израиль әскери кеңсесінің мүшесі Бени Ганц Газа секторындағы әскери жоспарына қатысты шешімдерді өз мүддесіне қарай қабылдайтынын мәлім еткен болатын.