ЕО Google-ға 890 млн еуро айыппұл салды

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық комиссия Google компаниясына Цифрлық нарықтар туралы актінің (DMA) талаптарын бұзғаны үшін 890 млн еуро көлемінде айыппұл салды. Осылайша, 2024 жылғы наурызда басталған тергеу аяқталды, деп хабарлайды Euronews .

Фото: Анадолы

Реттеушінің мәліметінше, Google іздеу нәтижелерінде Google Shopping, Google Hotels және Google Flights сияқты өз сервистеріне басымдық беріп, бәсекелес қызметтердің көрінуін шектеген. Сонымен қатар компания қосымша әзірлеушілердің пайдаланушыларға қолданбалар дүкенінен тыс балама төлем тәсілдері мен тиімді ұсыныстар туралы ақпарат беруіне кедергі келтірген.

Еурокомиссия Google-ды 60 күн ішінде анықталған заңбұзушылықтарды жоюға міндеттеді. Егер талап орындалмаса, компанияға әлемдік жылдық айналымының 5%-ына дейін қосымша айыппұл салынуы мүмкін.

Google бұл шешіммен келіспейтінін мәлімдеді. Компанияның жаһандық мәселелер жөніндегі президенті Кент Уокер Еуроодақ талап етіп отырған өзгерістер сервистердің сапасын төмендетіп, еуропалық пайдаланушылар мен бизнеске кері әсер ететінін айтты. Оның айтуынша, компания өзгерістерді сынақтан өткізе бастағанымен, айыппұлға шағымданатынын әзірге хабарлаған жоқ.

Брюссельдің бұл шешімі Еуроодақ пен АҚШ арасындағы шиеленісті күшейтуі мүмкін. Дональд Трамп әкімшілігі бұған дейін Еуропаның америкалық технологиялық компанияларды реттеу саясатын сынға алып, қолданыстағы сауда режимінің мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа сауда баждарын енгізуге дайындалып жатқанын мәлімдеген.

Бұған дейін Еуропалық одақ соты Google-ға салынған 4,1 млрд еуро көлеміндегі айыппұлды күшінде қалдырғаны хабарланған еді. Сот компания Android операциялық жүйесінің кең таралғанын пайдаланып, бәсекелестердің қызметін шектеді деген қорытындыға келген.