ЕО Грекияға тағы 8 млрд. еуро қарыз беруге келісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ЕО қаржы министрлері Грекияға көмек көрсетудің жаңа траншын келісті. Осы елге 8 млрд. еуродан астам (11 млрд. долларға жуық) қаржы алдағы айларда бөлінеді.

Алғашқы алты млрд. еуро Грекияға сәуірдің соңына дейін, ал қалған қаржы бұл мемлекеттегі реформалардың ілгерілеуіне байланысты маусым немесе шілдеде бағытталады.

Афиныдағы кездесуден кейін сөйлеген сөзінде Экономика және қаржы мәселелері бойынша еурокомиссияның комиссары Олли Рен Грекияда реформаларды өткізу тұрғысындағы күш-жігерге оң баға берді, деп жазады ВВС.

Жақында Грекия парламенті елдің бөлшек секторында бәсекелестікті арттыруға негізделген заң жобалардың топтамасын қабылдады.

Айта кетейік, Еуроодақ елдері қаржы министрлерінің кездесуі кезінде Афиныда кез келген наразылық акцияларына тыйым салынды.