ЕО Израильге Газа секторындағы қоршауды алып тастауды ұсынды

Фото: Фото: Анадолы

АСТАНА.KAZINFORM — Еуропалық Одақ (ЕО) Комиссиясының өкілі Анвар әл-Ануни Израильді Газа секторына қойылған қоршауды жоюға және бұл аймаққа гуманитарлық көмектің жеткізілуіне рұқсат беруге шақырды, деп хабарлайды Анадолы

Әл-Ануни күнделікті өткізілетін баспасөз конференциясында Газадағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.

— Біз Газадағы гуманитарлық жағдай туралы келіп жатқан мәліметтерге  алаңдаулымыз. Онда уақытша бітім кезінде жеткізілген азық-түлік қоры таусылып барады, — деді әл-Ануни.

Ол сонымен қатар халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес, көмек мұқтаж бейбіт тұрғындарға дер кезінде жеткізілуі тиіс екенін айтты.

— Біз Израильге тағы да үндеу жасап, Газа қоршауын алып тастап, бұл аймаққа ауқымды көлемде гуманитарлық көмек жеткізуге мүмкіндік беруге шақырамыз, — деді ол.

Бітімді бұзып, Израиль әскері Газа секторына қатыгез шабуылдарын қайта бастады

Израиль әскері 18 наурыз таңында, 19 қаңтарда күшіне енген атысты тоқтату режимінен кейін, Газа секторына қатыгез шабуылдарын қайта бастады.

Шабуылдар қайта басталғалы бері 2326 палестиндік қаза тапты, олардың көпшілігі — қарттар, әйелдер мен балалар. Тағы 650 адам жараланды.

2023 жылғы 7 қазаннан бері Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдарынан қаза тапқан палестиндіктер саны 52 418-ге, ал жараланғандар саны 118 091-ге жетті.

Атысты тоқтату режимін бұзған соң, Израиль ХАМАС-қа қарсы «әскери қуатты күшейте отырып әрекет ететінін» мәлімдеді, себебі ХАМАС атысты тоқтату туралы жаңа ұсыныстарды қабылдамаған болатын.

ХАМАС өз мәлімдемесінде «Израиль делдал елдер алдында берген уәделерін орындамай, Газа секторында палестин халқын қырып-жоюды қайта бастады» деп мәлімдеді. 

Айта кетелік Газаға гуманитарлық көмек тасымалдаған кемеге шабуыл жасалған еді