ЕО Қазақстан Үкіметінің мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы заң дайындаудағы күш-жігерін қолдайды

АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат - Еуропалық Одақ сарапшылары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы заң жобасына ұсыныстары мен пікірлерін білдіре отырып, Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрлігіне 2010 жылғы маусым мен шілде айлары аралығындағы кезеңде қолдау көрсетті.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы Заңның қабылдануы экономиканың әлеуметтік саласына шетел инвесторларын тарту үшін қажетті жағдай жасайды, деп хабарланды Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ өкілдігінің баспасөз хабарламасында.

«Білім беру мен денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік маңызы бар салалардағы ұлттық экономиканы дамыту бойынша Қазақстанның жұмсап отырған қыруар күш-жігерін назарға ала отырып, халықаралық стандарттарға сәйкес инвестициялық жағдайды жақсарту туралы реформаны қолдау біздің жоба үшін маңызды, сонымен қатар мақтан тұтарлық міндет болып табылады», - деп атап өтті «Стратегиялық диалог және кеңес беру бағдарламаларына қолдау көрсету» жобасының жетекшісі Джордж Мирогианнис.

Қазіргі таңда Қазақстан Үкіметінің шетел инвестицияларымен бірлескен жобалары 2006 жылы қабылданған Концессия туралы заң аясында жүзеге асыруда.