ЕО климаттық тұрақтылық пен су қауіпсіздігін арттыру жобаларына 86 млн еуро инвестиция салмақ

АСТАНА. KAZINFORM — қаржыландыру 2023 жылғы байқау аясында іріктелген жобаларға беріледі. Олар Дания, Эстония, Польша, Словения және Исландияда жүзеге асырылады.

Фото: azertag.az

AZƏRTAC хабарлағандай, бұл туралы ақпарат Еуропалық комиссияның ресми сайтында жарияланды.

Еуропалық Одақ ластанған өзендерді тазарту, су сапасы мен қолжетімділігін жақсарту, өрт пен су тасқынынан қорғанысты күшейту, сондай-ақ парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған жаңа стратегиялық біріктірілген жобаларды жүзеге асыруға 86 миллион еуро бөледі.

Бұл жобалар ұлттық, өңірлік және жергілікті билік органдарына ЕО-ның экологиялық және климаттық заңнамасын іске асыруға көмектеседі.

Еурокомиссия бұл бастамалар ЕО-ның басқа қаржыландыру көздерінен қосымша инвестициялар тартуға ықпал етеді деп болжап отыр. 

Олардың қатарына ауыл шаруашылығы, құрылымдық, өңірлік және зерттеу қорлары, сондай-ақ ұлттық қорлар мен жеке сектор инвестициялары кіреді.

Айта кетелік Еуропалық Одақ АҚШ-тан энергетикалық ресурстар сатып алуға міндетті болады.