Дағдарысты басқару жөніндегі еурокомиссар Хаджа Лабиб өңірге жасаған сапары барысында бөлінетін қаржы ең көп зардап шеккен провинциялардағы зертханалық базаны нығайтуға және диагноз қою үдерісін жеделдетуге жұмсалатынын айтты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Конгода Эбола вирусын жұқтырудың 450-ден астам расталған жағдайы тіркеліп, ондаған адам қайтыс болған. Қалыптасқан ахуал халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай ретінде бағаланған.
Бұған дейін ДДҰ мен Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы індетке қарсы күреске арналған құны шамамен 450 миллион еуро болатын жоспарды іске қосқан еді.
– Еуропалық одақ бұл төтенше жағдайға өте байыппен қарайды. Індет басталған сәттен бастап біз дереу әрекет етіп, қолдау көрсету үшін өңірге жедел жеттік. Бұл бағыттағы міндеттемеміз әлі де жалғасуда, – деді Хаджа Лабиб.
Оның айтуынша, ЕО гуманитарлық көмек пен логистикалық қолдауды күшейтіп жатыр. Өңірге ондаған тонна медициналық жүк жеткізілген, ал алдағы уақытта қосымша гуманитарлық рейстер жіберіледі.
– Төрт ай бұрын мұнда келгенімде барлық қауіп факторлары анық байқалды: санитарлық жағдайдың нашарлығы, денсаулық сақтау жүйесінің әлсіздігі, халықтың қажуы және қарулы қақтығыстар салдарынан үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдар. Мұның бәрі індеттің қайта өршуіне қолайлы жағдай қалыптастырады, – деді еурокомиссар.
Жағдайды елдің шығысындағы қарулы қақтығыстар, халықтың жаппай қоныс аударуы және денсаулық сақтау жүйесінің әлсіздігі күрделендіріп отыр.
ДДҰ тиімді шаралар қабылданбаса, бұл індет тарихтағы ең ірі Эбола ошақтарының біріне айналуы мүмкін екенін ескертті.
Мамандарды көршілес Угандада да ауру жұқтыру жағдайларының анықталуы алаңдатып отыр. ДДҰ мәліметінше, вирус елге шекара арқылы енген. Уганда билігі 19 адамның вирус жұқтырғанын және екі адамның қайтыс болғанын хабарлады.
– Індеттің өңір бойынша таралу қаупі сақталып отыр, сондықтан халықаралық қауымдастықтың қолдауы бұрынғыдан да маңызды, – деді ДДСҰ өкілдері.
Айта кетейік, Берлин дәрігерлері Эбола жұқтырған америкалықты емдеп шығарды.