ЕО мигранттарды үшінші елдерге қайтару тәртібін жеңілдетеді

Фото: Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық комиссия босқын мәртебесін сұраған мигранттарды қауіпсіз деп танылған үшінші елдерге қайтару тәртібін жеңілдететін ұсыныс жасады, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Енді депортациялау үшін мигранттың аталған елмен жеке байланысы болуы міндетті емес — оның бұл елді Еуропалық Одаққа жол үстінде кесіп өтуі жеткілікті.

Бұл өзгеріс ЕО-ға мүше елдер мен үшінші мемлекеттер арасында босқын мәртебесін беру рәсімін сол елдердің аумағында өткізуге мүмкіндік беретін келісімдер жасауға жол ашады. Алайда, кәмелетке толмаған, ересектерсіз жүрген балаларды мұндай елдерге депортациялауға тыйым салынады.

Швецияның Миграция жөніндегі министрі Йохан Форсселль бұл бастаманы Еуропада тұрақты әрі әділетті көші-қон саясатына жасалған қадам екенін айтып, миграциялық ағынды төмендету құралы ретінде оң бағалады.

Ал Amnesty International секілді құқық қорғау ұйымдары ұсынысты сынға алды.

— Бұл — тек ретсіз және ерікті қадам ғана емес, сонымен қатар адамзаттық деңгейде зиянды, — делінген олардың баспасөз хабарламасында.

Ұсынылып отырған үлгі Ұлыбритания мен Руанда арасындағы келісімге ұқсас, сондай-ақ ұқсас идеялар Данияда да талқыланған болатын.

Еурокомиссия атап өткендей, мұндай келісімдер Адам құқықтары жөніндегі ЕО стандарттарына сәйкес болуы тиіс.

Бұған дейін Еурокомиссия Түркияның 2025 жылға арналған экономикалық өсім болжамын төмендеткенін жаздық.