Еуротоптың отырысында экономикалық қысым, банктердің бәсекеге қабілеттілігі, қаржылық инновациялар және жасанды интеллект мәселелері де қаралады.
Аталған кездесулер Ирландия Еуропалық одақ Кеңесіне төрағалық етіп отырған кезеңде өтеді.
Германияның ARD телеарнасының хабарлауынша, Ирландияда өтетін кездесуде қаржы министрлері салық салу мәселелерін де талқылайды. Германия өкілі Ларс Клингбайль қазіргі жоғары жанар-жағармай бағасынан пайда тауып отырған мұнай компанияларына шамадан тыс пайда салығын енгізуді қолдайды.
Германия бастамасының мәні – бағаның күрт өсуінен компаниялар алған қосымша табыстың бір бөлігін мемлекет алып, азаматтарды қолдау шараларына бағыттау.
Бұған дейін Ларс Клингбайль Австрия, Италия, Португалия, Польша және Испаниядан келген әріптестерімен бірге Ирландияның қаржы министріне хат жолдап, бұл мәселені Дублиндегі кездесудің күн тәртібіне енгізуді сұраған. Хатта Еуропа елдері бұл мәселеге қатысты ортақ ұстаным қалыптастыруы қажет екені айтылған. Авторлар дағдарыстан пайда тауып отырғандар халықтың басым бөлігіне түсетін ауыртпалықты жеңілдетуге үлес қосуы керек деп есептейді.
Германия канцлері Фридрих Мерц бұған дейін күнделікті өмірінде автокөлікке тәуелді көптеген азаматтың шығыны шектен асқанын айтып, билікті әрекет етуге шақырған. Алайда Германия үкіметінде бұл мәселеге қатысты бірыңғай ұстаным жоқ. Экономика министрі Катарина Райхе ҚҚС-ты уақытша төмендетіп, табысы төмен азаматтарға тікелей қаржылай көмек көрсетуді ұсынады.
Сарапшылар бұл ұсыныстың жүзеге асатынына күмән келтіреді. Брюссельдегі Bruegel талдау орталығының экономисі Георг Захманн мұнай компаниялары табысының едәуір бөлігі Германиядан тыс жерде қалыптасатынын атап өтті. Сондықтан ұлттық билік органдарына оған салық салу қиын болуы мүмкін. Оның айтуынша, тіпті ел ішінде шамадан тыс пайда қалыптасқан жағдайда да, компаниялар оның бір бөлігін жасыруы ықтимал. Сонымен қатар мұндай табысқа заңды әрі тиімді түрде салық салудың нақты тетігін әзірлеу де күрделі міндет болып қала береді.
Еуропалық одақ елдері 2022 жылы да шамадан тыс пайдаға салық енгізген болатын. Қазір ЕО-ға мүше әр мемлекет мұндай салықты жеке өзі енгізе алады. Дегенмен ЕО аумағында ортақ ішкі нарық жұмыс істейтіндіктен, кейбір тараптар салықты жекелеген елдер емес, бүкіл одақ көлемінде енгізуді тиімді деп санайды.
Дублиндегі кездесуде жанар-жағармай мәселесімен қатар, Еуропаның банк секторының бәсекеге қабілеттілігі, цифрлық еуро жобасы және жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен қатері де қаралады. Бақылаушылар бензин бағасының жоғары болуына байланысты бірыңғай шешімнің бұл кездесуде тез қабылдануы екіталай екенін айтады.
Бұған дейін Германияның ЕО бюджетін жүздеген миллиард еуроға қысқартуға үндегені хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина