Бұл туралы ЕО сыртқы істер жөніндегі кеңесінің Брюссельде өткен отырысында айтылған.
«Еуроодақ және ЕО мүше-мемлекеттері Нигерияға осы қылмысты тексеруде, сондай-ақ өкіметтің азаматтарды қорғау және лаңкестікке қарсы тұру жөніндегі басқа да іс-қимылдарына көмектесуді ұсынады», - делінген отырыстың қорытынды құжатында. ЕО сыртқы істер жөніндегі кеңесі осы қылмысқа кінәлілерді сотқа тартуға шақырды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Нигерияның солтүстігіндегі Борно штатының Чибок қалашығында сәуірдің 14-інен 15-іне қараған түнде «Боко харам» содырлары 12-15 жастардағы 300-ге тарта мектеп оқушы-қыздарын ұрлап кетті, олардың 53-іне қашып шығудың сәті түсті. Бұдан басқа, 4 мамыр күні кеште Варабе деревнясында тағы 11 оқушы қыз ұрланған. «Боко харам» оқу орнына шабуылының себебін «батыстық білім тоқтатылуы тиіс, ал қыздар мектептен шығып, күйеуге шығулары қажет» деп түсіндірді.
Нигерияға Ұлыбритания, Франция және Қытай өздерінің көмектерін ұсынды. АҚШ президенті Барак Обама ұрланған қыздарды құтқару үшін АҚШ «қолдан келгеннің бәрін» істейтініне уәде берді. АҚШ Нигерияға келіссөздер жүргізу үшін әскери қызметшілері мен мамандарын жіберді.