ЕО-ның Қазақстанға виза режимін жеңілдетуге арналған келісім қашан бекітіледі

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропа одағымен виза режимін жеңілдету бойынша Қазақстан белсенді келіссөздерді жалғастырып жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин мәлім етті. 

Астана халықаралық форумы аясында тілшілер Еуропа одағымен арада виза режимін жеңілдету мүмкіндігі туралы сұрады.

— Қазір тиісті жұмыстар істелір жатыр. Нақты қашан шешілетіні туралы мерзімді айта алмаймын. Атап айтқанда, келіссөздер қарқынды жүріп жатыр, — деді Ақан Рахметуллин.

Оның айтуынша, аталған келісім аясында виза режимі айтарлықтай жеңілдейді. Консулдықтарға барған Қазақстан азаматтарынан сұралатын құжаттар тізімі қысқартылады.

— Мәселен, 10 құжаттың орнына 2-3 құжатты тапсырылады. Сонымен қатар визаның берілетін мерзімі де ұзартылуы мүмкін, — деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.

Атап айтқанда, 2025 жылғы 27 наурызда Еуропа Одағына мүше мемлекеттер Қазақстанмен виза беруді жеңілдету жөніндегі келісімді жасау үшін Еуропалық комиссияның мандатын мақұлдады. Қазақстан — Еуропа Одағымен визалық режимді жеңілдету туралы келіссөздерді бастайтын Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Бұл өзгерістер отандастарымыздың Еуропаға сапарларын жеңілдетіп, бизнес, ғылым және мәдени алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Еске салсақ, 2023 жылы Қазақстан мен ЕО виза режимін жеңілдету бойынша ресми келіссөздерді бастайтынын жазған едік

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл наурыз айының аяғында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі — Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен кездесті

ЕО Жоғарғы өкілі Кая Каллас Еуропалық комиссия мен Қазақстан арасында виза беру тәртібін жеңілдету жөніндегі келісімді бекіту үдерісі басталғанын айтты