ЕО-ның сыртқы істер жөніндегі жоғарғы өкілі 28 наурызда Қазақстанға келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық Одақтың (ЕО) сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Каллас Түрікменстанға, Өзбекстанға және Қазақстанға сапармен келеді, деп хабарлайды ЕО-ның Қазақстандағы Өкілдігі.
27 наурызда Кая Каллас Ашхабадта өтетін 20-шы ЕО – Орталық Азия министрлік кездесуіне төрағалық етеді. Бұл жиынға Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қазақстанның өкілдері қатысады.
Кездесу барысында тараптар 2025 жылғы 3–4 сәуірде Самарқандта (Өзбекстан) өтетін алғашқы ЕО – Орталық Азия саммитіне дайындық мәселелерін талқылайды.
Сонымен қатар, аймақ үшін маңызды бірқатар тақырыптар, соның ішінде Ресей – Украина соғысының өңірлік салдары, көлік және цифрлық байланыс, маңызды шикізат ресурстары, энергетика және су ресурстары, сауда, халықаралық байланыстар, білім және ғылыми зерттеулер талқыланады.
Жиын қарсаңында Жоғарғы өкіл Түрікменстанның сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен, Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен, сондай-ақ Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовпен жеке кездесулер өткізеді.
Министрлік кездесуінің қорытындысы бойынша 27 наурыз күні сағат 14:45 шамасында Кая Каллас қатысатын баспасөз конференциясы өтеді.
Жоғарғы өкіл Ташкентке барып, Өзбекстанның сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен және президент Шавкат Мирзиёевпен кездеседі.
Осыдан кейін, 28 наурызда Алматыға келіп, Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер өткізеді.
Бұған дейін Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасында маңызы екі келісімге қол қойылғанын жазғанбыз.