ЕО Ормуз бұғазындағы жағдайға байланысты Иранға қарсы санкциялар енгізуді жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық одақ мамыр айында Иранға қарсы жаңа санкциялар пакетін бекітуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Еуропалық дипломатиялық қызмет басшысы Кая Каллас РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп БЕЛТА жазды.

Фото: agenzianova

— Бізде Иранға қатысты қазірдің өзінде ауқымды санкциялар бар. Жаңа ұсыныс Ормуз бұғазында кеме қатынасын шектеуге қатысы бар тұлғаларға бағытталған. Бұл санкциялар бойынша жұмыс жүріп жатыр, саяси келісімге қол жеткізілді. Оларды келесі Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында мамыр айында қабылдауды көздеп отырмыз, — деді Каллас.

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери әрекеттер бастағаны хабарланды. Соның салдарынан Тегеранды қоса алғанда, Иранның ірі қалалары соққыға ұшыраған. Сондай-ақ Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге де шабуыл жасалған.

7 сәуірде АҚШ билігі Иранмен өзара екі апталық атысты тоқтату туралы жариялады. Алайда 11 сәуірдегі АҚШ–Иран келіссөздерінен кейін 13 сәуірде АҚШ Орталық қолбасшылығы Иранға теңіз блокадасы енгізілгенін хабарлады. Бұл шара Иран порттарына баратын және олардан шығатын барлық кемелердің қозғалысын шектеді.

Ал Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының біріккен әскери қолбасшылығы АҚШ блокадасына жауап ретінде Ормуз бұғазында әскери бақылау режимі қайта орнатылғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Иран Ормуз бұғазы арқылы транзит үшін есеп айырысуды риалмен жүргізуді ұсынды.