Еуропа БАҚ-тары танысып шыққан хатта ЕО-ның екі алпауытының көшбасшылары тікелей Қытайды атап отырған жоқ. Дегенмен, ұсыныстар Бейжіңмен сауда ЕО үшін қиындай түскен тұсында, Еуроодақтың сауда комиссары Марош Шефчовичтің Бейжіңдегі келіссөздері алдында жасалып отыр.
Париж бен Берлин ЕО-ның сауда қысымына қарсы тұруға арналған шаралары тым баяу деп санайды. Атап айтқанда, 2023 жылы қабылданған экономикалық мәжбүрлеуге қарсы тұру құралы әлі күнге қолданылмаған.
Идея авторларының пікірінше, жаңа құрал Еуропа комиссиясына ЕО-ға қарсы сауда соғысын жүргізіп жатқан ел үшін бірнеше күн ішінде тауарлар мен қызметтердің бірыңғай нарығына кіруді шектеуге немесе толығымен тыйып тастауға мүмкіндік береді. Мысалы, аса маңызды шикізат жеткізілімін тоқтату мүмкіндігін қолдануға болады. Мүше мемлекеттердің басым көпшілігі қарсы болмаса, Комиссияның шешімі жарамды болуы қажет.
Германия шенеуніктері бұл механизмді «салыстырмалы залал келтіру» мүмкіндігі деп сипаттап жүр. Еуропалық дипломаттар төтенше жағдайға тойтарыс беру «түймесі» туралы айтып жүр. Францияның Елисей сарайы бұл бастаманы «аңқаулықтан шығу» талабымен байланыстырып отыр, ЕО мүшелерінің көпшілігі сырттағы алпауыт елмен сауданың «шыдауға болмайтындай сипат ала бастады» деген ойға келе бастады.
Брюссельдің бағалауы бойынша, өткен жылы ЕО-ның Қытаймен сауда тапшылығы шамамен 360 миллиард, яғни тәулігіне шамамен 1 миллиард еуроға жеткен. Еуропа тарапы мұны Қытайдың субсидияланатын өнеркәсіптік қуатының шамадан тыс болуымен байланыстырады, бұл автомобиль, химия, болат және аккумулятор салаларына қысым жасап келеді. Одақтың Қытайдың сирек кездесетін металдар мен магниттерге тәуелділігі ерекше атап өтіледі.
Франция мен Германияның ұсыныстары қазан айының ортасында Брюссельде өтетін ЕО мемлекет және үкімет басшыларының саммитіне ұсынылмақ.
Еуропа комиссиясы жыл соңына дейін өз шараларын әзірлемек. Германия өз автоөнеркәсібінің Қытай нарығындағы мүдделеріне байланысты бұған дейін қатаң шаралар қабылдауға сақтықпен қарайтын, ендігі таңда Берлиннің өзі осы бастамаға мұрындық болып отырғанын Брюссель Германия ұстанымының өзгеруінің белгісі ретінде қарастырып отыр.
Қытай ЕО-мен сауда келіссөздері қарсаңында импортқа қатысты тергеу бастады.