Жаңа ережеге сәйкес, баламен бірге сапарлайтын жолаушылар ұшақтағы көршілес орындарды қосымша ақысыз брондай алады. Осындай мүмкіндік жүріп-тұруы шектеулі адамдарды ертіп жүретін азаматтарға да беріледі.
Сондай-ақ әуе компаниялары билет құнын қол жүгін тасымалдау ақысын қоса есептегендегі толық бағамен бірден көрсетуге міндеттеледі. Бұл жолаушыларға жасырын қосымша төлемдерсіз бағаларды оңай салыстыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, билеттегі аты-жөнінде кеткен қателерді түзету де тегін болады.
Сонымен қатар рейс кешіккені үшін өтемақы төлеу тәртібі сақталады. Егер ұшақ тасымалдаушының кінәсінен үш сағаттан артық кешігіп жетсе, жолаушылар ұшу қашықтығына қарай 250 еуродан 600 еуроға дейін өтемақы ала алады.
Дәл осындай өтемақы рейс ұшуға 14 күннен аз уақыт қалғанда тоқтатылып, оған әуе компаниясы жауапты болған жағдайда да төленеді.
Жолаушылар өтемақы талап ету туралы өтінішті тоғыз ай ішінде бере алады. Өтініш түскеннен кейін әуе тасымалдаушысы 30 күнтізбелік күн ішінде өтемақыны төлеуге немесе бас тарту себептерін жазбаша түрде түсіндіруге міндетті.
Алайда рейстің кешігуі жолаушылардың агрессивті әрекеттерінен, қолайсыз ауа райынан, табиғи апаттардан немесе әуежай мен жерүсті қызметтері қызметкерлерінің ереуілінен болған жағдайда әуе компаниялары жауапкершіліктен босатылады.
Жаңа өзгерістердің тағы бірі — жолаушылардың балама бағытпен қатынау құқығы. Егер әуе компаниясы үш сағат ішінде басқа бағыт ұсынбаса, жолаушы сапарын өз бетінше ұйымдастыра алады. Мұндай жағдайда тасымалдаушы бастапқы билет құнының 400 пайызына дейінгі шығынды өтеуге міндетті.
Басылымның мәліметінше, жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін әуе компанияларына оларды енгізу үшін 12 ай уақыт беріледі. Осылайша жаңа нормалар толық көлемде 2027 жылдың жазында қолданысқа енеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Қытай мен Қырғызстанға жаңа әуе рейстерін іске қосқан болатын.