ЕО жаңа шекаралық бақылау ережелерін енгізді

Фото: АЗЕРТАДЖ

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың шілде айының соңынан бастап Шенген аймағында шекаралық бақылаудың жаңа ережелері күшіне енеді, деп хабарлайды AZƏRTAC.

Еуропалық Одақтың Шенген аймағының сыртқы шекараларында 2025 жылдың шілде айының соңынан бастап шекаралық бақылаудың жаңа ережелері күшіне енеді. 

ЕО Кеңесінің шешіміне сәйкес, Entry/Exit System (EES) – Кіру/Шығу жүйесі деп аталатын цифрлық тіркеу жүйесі кезең-кезеңімен іске қосылады. Бұл жүйе Еуроодаққа кірмейтін елдердің барлық азаматтары туралы мәліметтерді ЕО-ның сыртқы шекарасын кесіп өткен кезде автоматты түрде тіркеп отырады.

Шекарада қандай мәліметтер тіркеледі?

Жүйе келесі деректерді автоматты түрде жинайды:
аты-жөні
саусақ іздері
бет суреті (биометриялық деректер)
кіру және шығу күні мен уақыты
шекара кесіп өткен орын

Жаңа жүйе визамен келетін де, визасыз сапар шегетін үшінші елдердің азаматтарына да қатысты қолданылады.

ЕО Кеңесінің хабарлауынша, бұл жаңашылдықтар:
– қауіпсіздікті күшейту,
– терроризм мен заңсыз миграцияға қарсы күрес,
– рұқсат етілген мерзімнен артық қалғандарды анықтау,
– жалған құжаттарды тану,
– ЕО елдері арасында деректермен алмасуды жетілдіру,
– қылмыстың алдын алу мен тергеуді тиімді жүргізу мақсатында енгізіліп жатыр.

MTI агенттігінің мәліметінше, EES жүйесі алдағы алты ай ішінде кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Жүйе Шенген аймағының барлық сыртқы шекараларында – аэропорттарда, құрлықтағы және теңіздегі шекара бекеттерінде іске асырылады.

ЕО-ға кірмейтін елдердің азаматтары (оның ішінде Ресей, Украина, Ұлыбритания және басқа елдердің азаматтары) үшін алғашқы кірген кезде биометриялық мәліметтерді жинау салдарынан шекаралық бақылаудан өту уақыты ұзаруы мүмкін. Алайда бұл ақпарат кейін біріңғай дерекқорда сақталып, келесі сапарларда қайта қолданылатын болады.