ЕО Жобасы Қазақстанның мемлекеттік қызмет мәселелерін баяндайтын журналистер арасында конкурс жариялайды

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Еуропа Одағының «Қазақстан Үкіметі мемлекеттік қызметін реформалау мен модернизациялау» Жобасы 2013 жылдың 21 мамыры мен 1 қазаны арасында Қазақстанның мемлекеттік қызметі саласы жөнінде үздік хабар тарату бойынша шығармашылық конкурс өткізеді.

Конкурс мақсаты - ортақ іс - Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметін реформалауға үлес қосатын авторларды анықтап, оларды ынтыландыру.

Екі жеңімпазға бас жүлде ретінде ҚР Мемлекеттік басқару академиясы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі сарапшылары қатысатын оқыту сапары барысында мемлекеттік қызмет саласындағы үздік еуропалық тәжірибемен танысу мүмкіндігі берілмек.

«Конкурстық материалдарға қойылатын талаптар:

- мемлекеттік қызмет саласын реформалауды объективті, уақтылы және жүйелі түрде баяндау;

- тақырыпты ашудағы тереңдік пен оның көпшілік оқырмандар (көрермендер, тыңдармандар) үшін өзектілігі мен маңыздылығы;

- мәселеге келуде креативті тәсілдердің қолданылуы;

- фактілерді пайдаланудағы дәлдік пен нақтылық;

Конкурсқа ұсынылатын материалдардың барлығы жарияланған (баспасөз бен интернет-БАҚ үшін) немесе телевизиялық, радио эфирден (ТВ, радио) берілген болуы керек.

Жұмыстарды ұсынған кезде жарияланған мақалалардың сканерден өткізілген нұсқасы (басылымдар материалдары үшін), жарияланған мақалаларға сілтеме (желідегі материалдар) немесе бейне, аудио материалдар (телевизиялық, радио материалдар үшін) қоса берілуі керек», делінген таратылған баспасөз хабарламасында.

Әділ қазылар құрамына Еуропа Одағы жобасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істер Агенттігі, ҚР Мемлекеттік басқару академиясы сарапшылары енеді.

«Қазақстан Үкіметі мемлекеттік қызметін реформалау және модернизациялау» Жобасы мемлекеттік басқару саласындағы еуропалық тәжірибені Қазақстанда интеграциялау бойынша халықаралық бастама және жобаны Еуропа Одағы қаржыландырады. Жобаның басты мақсаттарына Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Қазақстан Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының институционалды әлеуетін жетілдіру мен дамыту жатады. Жоба туралы толығырақ ақпаратты www.supportcsr.kz сайтынан алуға болады.