ЕО босқындарды үшінші елдерде қабылдау орталықтары туралы заң қабылдайды

Фото: Anadolu Ajansı

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық одаққа мүше 27 елдің өкілдері мен Еуропарламент мигранттарға баспана беру рәсімдерін одан әрі қатаңдатуды және «қауіпсіз үшінші елдер» тұжырымдамасын кеңейтуді көздейтін жаңа заң бойынша келісімге келді. Бұл туралы DW хабарлады.

Еуропалық құрылымдардың мәліметінше, жаңа заң ЕО-ға мүше мемлекеттерге Еуропадан тысқары қауіпсіз елдермен келісімдер жасап, баспана сұрау өтініштерін Одақ аумағынан тыс жерде қарауға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін ЕО Кеңесіне төрағалық ететін Данияның иммиграция және интеграция істері жөніндегі министрі Расмус Стоклундтың айтуынша, бұл бастама рәсімдерді Еуроодақ аумағынан тысқары жерде өткізуге құқықтық негіз қалыптастырады.

Жаңа норма ЕО құрамына кірмейтін қауіпсіз елдердің азаматтарынан түскен өтініштерді кері қайтаруды жеңілдетеді. Өтініш берушінің жіберілетін елмен тікелей байланысының болуы енді міндетті шарт саналмайды. Бұл үшінші елдерде орналастыру және қайтару орталықтарын құруға жол ашады.

Мысал ретінде Италияның мигранттарды Албаниядағы орталықтарға орналастыру бастамасы келтіріледі. Ұқсас шараларды Нидерланды да талқылап жатыр, бұл ел Угандада осындай орталық ашу мүмкіндігін бағалау алған. Германия да бұл бастамаға қатысу мүмкіндігін қарастырып отыр.

Құжатқа сәйкес, баспана іздеушілер бұрын болмаған елдерге де депортациялануы мүмкін, ал өтініші қабылданбағандар апелляциялары қаралып жатқан кезеңде автоматты түрде ЕО аумағында қала алмайды.

Сонымен қатар алғаш рет қауіпсіз елдерден шығу тегі бойынша бірыңғай тізім жасалмақ. Оған Египет, Марокко, Тунис, Үндістан, Косово, Бангладеш және Колумбия енгізілуі тиіс. Бұл елдердің азаматтарына жеделдетілген рәсімдер қарастырылады, соның ішінде тікелей шекараларда және транзиттік аймақтарда. ЕО-ға мүшелікке үміткер елдер де соғыс пен адам құқықтарына жүйелі қатерлер болмаған жағдайда қауіпсіз елдер ретінде қарастырылады.

Еске сала кетсек, Брюссельде Еуроодақ көшбасшыларының саммиті басталды. 

Ал Еурокомиссия 2035 жылға қарай жаңа көліктерге қойылатын экологиялық талаптарды жұмсартпақ.