ЕО елдері мұнай компанияларының үстеме пайдасына салық енгізуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Германия, Италия, Аустрия, Польша, Португалия және Испания Еуропалық одаққа мұнай компанияларының шамадан тыс пайдасына бір реттік салық енгізуді ұсынды. Министрлердің пікірінше, мұнай мен мұнай өнімдері бағасының күрт өсуі энергетикалық компанияларға қосымша табыс әкеліп отыр, деп хабарлайды Le Figaro .

Фото: Anadolu Ajansi

Бес елдің қаржы министрі мен Испанияның экономика министрі бірлескен үндеуге қол қойды. Құжат Еуропалық Одақ кеңесіне төрағалық етіп отырған Ирландияның қаржы министріне жолданды.

Үндеу авторлары жаңа алым енгізу мәселесін келесі айда Дублинде өтетін ЕО елдері қаржы министрлерінің кездесу күн тәртібіне енгізуді ұсынды.

Еуропалық саясаткерлердің пікірінше, мұнай компанияларының табысы мен рентабельділігі шикі мұнай бағасына қарағанда жылдамырақ өсіп жатыр. Бұл энергетика саласына өмір сүру құнының өсуі кезеңінде қомақты қосымша табыс табуға мүмкіндік береді.

Энергетикалық компаниялардың пайдасы ақпан айында АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс басталғаннан кейін күрт өсті. Әлемдік мұнай жеткізілімдерінің едәуір бөлігі өтетін Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының қысқаруы энергетикалық нарықтағы қысымды күшейтті.

Бұған дейін Трамп мұнай компанияларын жоғары пайда тапқаны үшін сынға алған болатын.