ЕО көшбасшылары «дронға қарсы қабырға» құру идеясын қолдады
АСТАНА. KAZINFORM — Еуроодақтың бейресми саммиті мен Еуропалық саяси қоғамдастық отырысында Еуроодақ басшылары ұшқышсыз ұшыру аппараттарына қарсы технологиялардың дамуын жеделдетуді ұсынды, деп хабарлайды Euronews.
Польша, Эстония, Румыния және Данияның әуе кеңістігіндегі қиындықтардан кейін Еурокомиссия Scoping Paper деп аталатын құжат жариялады. Онда шұғыл түрде қаржыландырылып, жүзеге асырылуы керек деп есептелетін төрт жоба қарастырылған.
Оларға «Дронға қарсы қабырға», «Шығыс қаптал», «Әуе қорғанысы қалқаны» және «Ғарыш қорғаныс қалқаны» жатады.
— Біз ұшқышсыз ұшақтар өндірісін күшейтіп, оларға қарсы қорғаныс қабілетімізді жақсартуымыз керек. Бұған сыртқы шабуылдарды анықтай алатын және бейтараптандыратын еуропалық ұшқышсыз жүйелер желісін құру кіреді. Сондықтан, біз Еуропаға Украинада қазірдің өзінде болып жатқан жағдайларды ескере отырып, озық шешімдерді жасауға мүмкіндік беретін еуропалық жүйені құруымыз керек, — деді Дания премьер-министрі Метте Фредериксен.
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен әуе кеңістігін бұзу «Еуропадан күшті және шешуші жауап беруді қажет етеді» деп мәлімдеді.
Екі аптадан кейін Еуропалық комиссия ЕО басшыларының Копенгагенде өткізген талқылауларына негізделген және қорғаныс қабілетін арттыру мақсатын қамтитын қайта қаралған қорғаныс жол картасын ұсынуы тиіс. Ресми шешімдер осы айдың соңында өтетін ЕО саммитінде қабылданады.
Қыркүйек айының соңында Копенгаген мен Осло әуежайларында аэродром аймағында белгісіз ұшқышсыз ұшақтар байқалғаннан кейін рейстер кестесі бұзылды.
Осыдан кейін Дания билігі бүкіл ел бойынша азаматтық дрондардың ұшуына уақытша тыйым салғанын жариялады.