Саммитке қатысқаннан кейін әлеуметтік желідегі жазбасында Урсула фон дер Ляйен саммит серіктестер арасында терең және сындарлы талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
— Мен президент Трамппен Украинадағы жағдайдан бастап саудаға дейінгі маңызды мәселелерді талқыладым, — деді ол.
Еурокомиссия төрағасы жұмыс топтарына әділ және өзара тиімді сауда келісіміне қол жеткізу үшін жұмысын жеделдетуді тапсырғанын қоса айтты.
2 сәуірде Трамп ондаған елге, соның ішінде ЕО мемлекеттеріне 10-нан 50 пайызға дейін импорттық баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Кейінірек ол 75-тен астам ел үшін тарифтерді 90 күнге кешіктіруге шешім қабылдады. Сонымен қатар, АҚШ болат, алюминий және туынды өнімдерге, сондай-ақ ЕО-дан келетін көліктерге 25 пайыздық баж салығын енгізді. Бұған жауап ретінде Еуропалық Одақ америкалық тауарлардың экспортына қарсы шаралар енгізу жоспарын жариялады.
23 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп 1 маусымнан бастап ЕО тауарларына 50 пайыздық баж салығын енгізу ниеті туралы мәлімдеді, бірақ фон дер Ляйенмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін АҚШ бұл тарифтерді енгізуді 9 шілдеге қалдыру туралы шешім қабылдады. Осы уақыттың барлығында тараптар келісім бойынша белсенді келіссөз жүргізді.