ЕР ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ: ҰОС ардагері Б.Мырзахметов жайлы үзік сыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ер есімі ел жадында мәңгі сақталады. Бұл дәлелдеуді еш қажет етпейтін аксиома. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен ерліктің бірегей үлгісін көрсеткен ата, апаларымыз әр қазақтың отбасында бар. Осы ретте ҚазАқпарат Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 71 жылдық мерекесіне орай майдангер Бақтияр Мырзахметовтың немересі Майра Мырзахметованың атасы жайлы естелігін оқырман назарына ұсынуды жөн көрді.

Оңтүстік өңірдің Мақтаарал ауданында үлкен шаңырақ Мырзахметовтар әулеті әу бастан қарапайымдылығымен, ынтымағымен ел ішінде абыройға ие болған. Атамыз Бақтияр Мырзахметұлы сындарлы жылдары халық тыныштығын бұзған фашистермен соғысуға аттанған. Жалпы, атамыз 1939 жылы әскери борышын өтеп жүрген кезінде-ақ КСРО мен Финляндия арасындағы соғысқа қатысқан екен.

1941 жылы фашистік Германия КСРО елдеріне соғысты бастады. Жер-жерден ұлтының қамын ойлаған еркек атаулы, соның ішінде жас өрендер ештеңеден қаймықпастан қанды майданға аттанып жатты. Олардың арасында бұған дейін соғыстың ащы дәмін татқан, небәрі 23 жастағы атамыз Бақтияр Мырзахметұлы да бар еді. Ол 1941-1943 жылдары Шығыс және Батыс майданда, 1943-1944 жылдары 4-ші Украина майданында ерлікпен жауға қарсы соғысты. Өр мінезді қазақ жігітінің ерлігі еленбей қалмады. 1941 жылы КСРО Қорғаныс Халық комиссариатының бұйрығымен лейтенант әскери шенін алды. Жалпы, ол 1938 жылдан бастап, 1946 жылға дейін КСРО Қарулы күштерінің қатарында 3-ші разрядтағы «запастан тыс жауынгер», «отряд командирі», «взвод командирі», «батальон командирі» болып адал, қалтқысыз қызмет етті. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін түрлі медальдар мен ордендерді кеудесіне тақты. Соғыстың аяқталуының 20 жылдығына орай, «КСРО Қарулы күштерінің 50 жылдығы», 1978 жылы «Еңбек ардагері» атты ордендермен марапатталған.

1946 жылы өз еліне амандықпен оралған Бақтияр ата өзі туып өскен Қызылқұм ауылында кеңшар нұсқаушысы болып еңбек етеді. 1954 жылы Ташкент қаласындағы педагогикалық училищенің «дене шынықтыру» пәні мұғалімі мамандығын алып шықты. Сол сәттен бастап сұрапыл майданнан оралған ардагердің қалған ғұмыры ауыл мектебінде ұстаздық етумен, шәкірттеріне тәлім-тәрбие берумен өтті.

Батыр атамыз майданнан оралғаннан кейін Қыздаркүл апамызға үйленіп, 5 баланың әкесі атанды. Алайда тағдыр тауқыметімен Қыздаркүл апа ерте дүниеден озып, 5 бала жетімсіреп қалады. Бақтияр ата кейіннен қайсар да ер мінезді Сапарай апаға екінші рет үйленеді. Ардақты апамыз Мырзахметовтар әулетінің ұрпағын жалғастырып, 2 ұл 1 қызды дүниеге алып келді.

1986 жылы Бақтияр атаны сұм ажал бұл фәниден алып кетті. Бүгінде Салиқалы ана Сапарай апамыз әулет ошағының түтінін сөндірмей, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Дәрігер, кәсіпкер, әскери қызметкер, кәсібін игерген балалары бүгінде Қазақстанның түрлі қалаларында қызмет етіп жатыр. Әке жолын қуған марқұм Әлихан атты ұлы әскери қызметкер болып, елінің тыныштығын күзетті. Бүгінде атамыздың 5 ұл, 3 қызынан 33 немере, 35 шөбере өсіп-өніп, өңіріміздегі үлгілі, үлкен отбасыға айналып отыр.

«Ер есім ел есінде», демекші қазақтың батыры Бақтияр Мырахметұлы өзі сүрген ғұмырында жасаған ерлігімен артында қалған ұрпағына үлгілі әке, ата ретінде мәңгілік жадымызда сақталып қалады. Ешкім де өмірге батыр болып келмейді, тек бойында намысы, жігері бар азаматтар ғана батыр болып қалыптасады. Сондықтан бүгінгі ұрпақты басымызға күн туар жағдайда еш нәрседен тайсалмайтын жігерлі, өр мінезді етіп тәрбиелеу мақсатымызға айналуы тиіс деп ойлаймын!