«Ер Тарғын» жыры сандық форматта жарық көрді

АЛМАТЫ. 18 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Жәдігер» дәстүрлі өнер клубы» қоғамдық қоры «Ер Тарғын» жырын сандық форматта жарыққа шығарды.

Идея авторы және жобаның көркемдік жетекшісі Ақан Әбдуәлінің айтуынша, бұл шара Мәдениет министрлігінің қолдауымен жүзеге асып отыр. Ұзақтығы 1,5 сағаттан асатын бұл жырдың орындаушылары - Ақан Әбдуәлі, Гүлмарс Аманбаева, Ерболат Шалдыбеков, Рысбек Әшімов, Амандық Көмеков, Аманқос Садықов мен Баян Мұсаева. Олар бұған дейін оны 2010 жылы Астана күніне арналған мәдени іс-шаралар барысында жырлап шыққан болатын.

Жалпы қазақ жырының бұл аудиоантологиясы «Жәдігер» дәстүрлі өнер клубы жүзеге асырған үшінші жоба болып отыр. Бұған дейін олар «Алпамыс батыр» мен «Қыз Жібек» лиро-эпостық дастанын қайта жаңғыртқан болатын. Ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлиханов «қазақтың алтын ғасыры» деп бағалаған ноғайлы дәуірінің тарихи оқиғаларын бейнелейтін «Ер Тарғын» жырының біздің заманымызға 8 түрлі нұсқасы жеткен. Олардың ішінде ең толық, және көркем нұсқасы Марабай ақын жырлаған үлгі. Оны Н.Ильминский жазып алып, 1862 жылы Қазанда жеке кітап етіп бастырып шыққан болатын.