Ер Жәнібек батырға арналған мүшәйраның жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ер Жәнібек баһадүрдің 300 жылдық тойына арнап ШҚО әкімшілігі жариялаған аламан жыр бәйгесі мәресіне жетті.

Мүшәйрада еліміздің белгілі ақындары мен жас таланттар бақ сынасты. Бәйге қоржынына келіп түскен туындылардың ішінде батыр болмысын жан-жақты сомдаған көлемді поэмалар да, толымды толғаулар да, өрнекті өлеңдер де болды. Ер Жәнібектің тарихи тұлғасын жырлай отырып, бүгінгі күннің биігінен сөз айта білген, заман тынысын, қоғам келбетін тереңнен қозғаған көркем туындылар басты назарда ұсталды.

Білікті ғалымдар мен танымал ақындардан құралған, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы төрағалық еткен қазылар алқасы сараптап саралай келе төмендегідей ұйғарымға келді. Бас жүлдені (темір тұлпар) «Ерлік жыры» атты өлеңімен қазақтың арқалы ақыны, Алаш сыйлығының иегері Жүрсін Ерман жеңіп алды. Бірінші орын алматылық танымал ақын Бақытбек Бәмішұлының «Рух жыры - Ер Жәнібек» поэмасына берілді. Екінші орындарды «Ер Жәнібек» өлеңімен өскемендік Азамат Тасқара және «Жәнібек - Ер Жәнібек - Би Жәнібек» дастанымен жезқазғандық Кенжебай Ахметов еншіледі. Үшінші орындарды монғолиялық Сұраған Рахметұлы «Жарқа Эльбрусі», «Кие» атты өлеңдері үшін, астаналық Ақберен Елгезек «Ер Жәнібек, Ер Жәнібек!» толғауы үшін, өскемендік Әскерхан Ақтай «Қырлаулы найза қолға алған» толғауы үшін иеленді. Ынталандыру сыйлықтары шығысқазақстандық Айжарық Әбілхасымовтың «Ел қорғаны - Ер Жәнібек» поэмасына, маңғыстаулық жас ақын Еділбек Дүсеновтің «Ер Жәнібек» толғауына, астаналық Бауыржан Қарағызұлының «Ер Жәнібек рухына» өлеңіне, атыраулық Әлия Дәулетбаеваның «Жәнібектің ақ туын жоқтау» өлеңіне, алматылық Мақсұтхан Баркөл-Дәлейдің «Аруағың аунасын» терме-толғауына бұйырды. Сонымен бірге Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті және «Ер Жәнібек» қоры тағайындаған сыйлықтарды Егеухан Мұхамәдиқызы (ШҚО), Қайрат Кәмей (ҚХР), Ерлан Жүніс (Астана), Адалбек Ақмәдиұлы (Алматы), Толыбай Абылаев (Қызылорда) сынды ақындар қанжығаларына байлады, деп хабарлайды kazaitys.kz.