Ол өткізген жедел кеңесте Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық туралы баяндады.
Ералы Тоғжанов өңір басшылығына эпидемиологиялық ахуалды, халықты және медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен, сондай-ақ өкпені жасанды желдету аппараттарымен, оттегі концентраторларымен қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшылығына карантин режимін сақтау қажеттілігі туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Премьер-Министрдің орынбасары жұмыс сапарының аясында 200 төсек-орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысының барысымен танысты. Облысты дәрі-дәрмекпен қамтудағы тұрақтандыру қорына, аймақтың дәріхана желілеріне 42 атау бойынша дәрілік заттарды жеткізетін «Іңкәр» ЖШС қоймасына барды. Бұдан соң Атырау қаласындағы №4 емханада болды. Келушілердің температурасын автоматты түрде өлшейтін роботты іске қосқан емханада 343 медицина қызметкері жұмыс істейді.
Е.Тоғжанов өңірде «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы»
бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан алты жолақты автожолдың құрылыс жұмыстарының сапасымен, 600 орындық мектеп құрылысының барысымен танысты.