9-16 шілде аралығында Астана қаласында карате-додан жасөспірімдер мен кадеттер арасында 16-шы және ересектер арасында 14-ші Азия чемпионаты өткен болатын. Чемпионатқа 24 ел қатысты, әр салмақ дәрежесінде әр елден бір спортшыдан қатысуға рұқсат берілген және қатысушылардың жалпы саны 670 адам болған.
12-16 шілде аралығында Астана қаласында өткен Азия чемпионатында Ақтау қаласының карате спорт мектебінің 12 жасөспірімінің 9-ы медальға ие болды.
Ересектер мен әйелдердің Қазақстан құрамасы командалық есеппен 3 орын алса, команда құрамында Сабина Захарова, Екатерина Хуповец, Ермек Айназаров және Асылбек Мұратовтар қола жүлдеге ие болды.
Облыс әкімі спортшылардың Азия чемпионатында жақсы өнер көрсеткендері үшін алғыс білдіріп, марапаттады және карате-до спорт мектебі жаттықтырушыларының жұмысын жоғары бағалады.
«Cіздер, Азия чемпионатында аймағымыздың абыройын асқақтаттыңыздар. Біз жеңістеріңіздің арқасында Сіздермен мақтанамыз. Болашақта үлкен жетістіктерге жетіп, еліміздің мәртебесін әлемдік деңгейде көтеруге тілектеспін. Сіздер, еліміздің, Қазақстанның намысын қорғап жүрсіздер, ал карате-до Олимпиадалық спорттың түріне жатады. Еліміздің туын көтеретін үздік спортшылардың қатарына кіруге ерекше мүмкіндіктеріңіз бар», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Спортшылар облыс әкімі Ералы Тоғжановқа аймақтағы спорттың дамуына қолдау көрсетіп отырғанына алғыстарын білдіріп, спорт әлемінде жоғары жетістіктерге жетуге уәде берді.
«Жаттықтырушылар, спорт мекемелерінің қызметкерлері мен басшыларының арқасында Маңғыстау спортшылары әртүрлі деңгейдегі жарыстарда, Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында облысымыз бен еліміздің абыройын асқақтатуда. Спортшыларды, жаттықтырушылар құрамын жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, Сіздерге береке-бірлік, мықты денсаулық, сәттілік пен табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін», - деді Қазақстан Республикасы карате-додан аға жаттықтырушы, облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мансуров Парвиз Дунямали.