Ерасыл Сәулебеков жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды
16:44, 08 Шілде 2025
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыр атлетикадан Қазақстан жастар құрамасының өкілі Ерасыл Сәулебеков Астанада өтіп жатқан Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді.
88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Сәулебековке тең келер ешкім болмады. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 344 (153+191) келі көтеріп, жарыста топ жарды.
Екінші орынды өзбекстандық Бекзод Гофиржонов алды - 341 (151+190) келі. Ал үндістандық Сайраж Пардеши үздік үштіктен көрінді - 338 (152+186) келі.
Айта кетейік, 8 шілдеде Қазақстан құрамасы екінші алтын медалін жеңіп алды. Бұған дейін Кира Данилова жасөспірімдер арасында алтын жүлдені иеленген болатын.