Ерасыл Сәулебеков жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыр атлетикадан Қазақстан жастар құрамасының өкілі Ерасыл Сәулебеков Астанада өтіп жатқан Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді. 

Фото: ҰОК

88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Сәулебековке тең келер ешкім болмады. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 344 (153 191) келі көтеріп, жарыста топ жарды.

Екінші орынды өзбекстандық Бекзод Гофиржонов алды - 341 (151 190) келі. Ал үндістандық Сайраж Пардеши үздік үштіктен көрінді - 338 (152 186) келі.

Айта кетейік, 8 шілдеде Қазақстан құрамасы екінші алтын медалін жеңіп алды. Бұған дейін Кира Данилова жасөспірімдер арасында алтын жүлдені иеленген болатын.