Бағдарлама аясында Қазақстан студенттері үшін де оқу, тағылымдамадан өту және академиялық алмасу бойынша жаңа мүмкіндіктер ашылмақ. Гранттарды көбейтуді қолдап Еуропа парламентінің 454 мүшесі дауыс берді, 34-і қарсы болды, ал 93-і қалыс қалды.
Еуропарламент президенті Роберта Метсола атап өткендей, бұл шешім Еуропадағы өскелең ұрпақ үшін мүмкіндіктер есігін ашады.
— Мен бүгін Еуропа парламенті Erasmus+ бағдарламасын нығайту, оны қолжетімді ету және қаржыландыруды арттыру үшін дауыс бергенін мақтаныш етемін. Осының арқасында жас еуропалықтардың көпшілігі өз көкжиектерін кеңейтіп, жаңа жолдар ашып, мансаптарында табысқа жету үшін қажетті дағдылар мен тәжірибеге ие бола алады. Еуропа дегеніміз осы ғой, — деп жазды Метсола әлеуметтік желідегі парақшасында.
Парламенттің мандатына сәйкес, бағдарлама бюджетін Еуропалық Комиссия ұсынған 40,8 миллиард еуроның орнына 47,39 миллиард еуроға дейін арттыру ұсынылады.
Еуропарламент депутаттары сонымен қатар бағдарламаға қатысушыларды қабылдайтын қалалардағы өмір сүру құнының, тұрғын үйдің және инфляцияның айырмашылықтарын ескеретін әділ гранттарды, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды қамтуды (кейбір салаларда кемінде 20%) талап етіп отыр.
Бағдарламаға бөлінген қаражат қай бағыттарда жұмсалатыны нақты белгіленген. Білім беру мен оқытуға шамамен 74,6%, жастар мен волонтерларға 15% және спортқа 4,1%. Сонымен қатар Еуропалық ынтымақтастық корпусын жұмылдыру, кәсіптік білім беру мен әуесқой спортқа қатысуды кеңейту, үміткер елдер үшін қатысуды жеңілдету және Ұлыбритания мен Швейцариямен байланысты нығайту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Қазақстан бағдарламаның Ұлттық кеңсесі арқылы Erasmus+ бағдарламасына белсенді қатысып келеді. Отандық университеттер Халықаралық кредиттік мобильділік (ICM), Capacity Building in Higher Education (CBHE), Jean Monnet және Erasmus Mundus жобаларын жүзеге асырып келеді.
ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің мәліметтері бойынша, мыңдаған қазақстандық студенттер мен оқытушылар еуропалық университеттерде, ал еуропалық студенттер Қазақстанда тағылымдамадан өтті. 2026 жылы қазақстандық университеттер CBHE және Jean Monnet жобаларының бірнеше таңдалған жобаларды іске асырып отыр.
Бағдарламаның бюджетін ұлғайту және оны қолжетімді ету қазақстандық жастар мен университеттер үшін Erasmus+ халықаралық өлшемі аясында мүмкіндіктерді кеңейтуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, Қазақстан Erasmus+ бағдарламасы арқылы Еуропалық Одақпен ынтымақтастығын жоғары бағалайды. Бұл бағдарлама студенттер, ғалымдар және университеттер үшін айтарлықтай мүмкіндіктер туғызды.