Ербаян Мұхтардың өліміне байланысты кім жазаланады — Қорғаныс министрлігінің жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Қорғаныс министрінің қару-жарақ және әскери техника жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Ербаян Мұхтардың өлімінен кейін заң алдында кім жауапкершілікке тартылатыны жөнінде мәлімдеме жасады.

Фото: Видеодан алынған кадр

Сенат кулуарында журналистер сұрағына жауап бере отырып, алдымен ол әскери қызметшінің ата-анасына, бауырларына, туыстарына және командирлеріне Қорғаныс министрлігінің атынан көңіл айтты.

— Кім жазаланады дегенге келсек, ол туралы қылмыстық іс қозғалған. Соның шешімі бойынша жазаланады және тәртіптік жазаларды Ұлттық ұланның басшылығы қолданады. Тексеріс жүргізу Ішкі істер министрлігінің құзіретінде. Қорғаныс министрлігі бұл жайында тексеріс жүргізіп жатқан жоқ. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігінен бөлек, әскери прокуратура т. б. органдар тексеріп жатыр. Басында емдеген кезде көмегімізді бердік. Кейін отбасымен байланыста болдық. Осы уақытқа дейін Қорғаныс министрлігі қолдан келген барлық көмекті көрсетті. Менің ойымша, Ұлттық ұланның басқармасы жерлеу рәсіміне қатысады, — деді Шайх-Хасан Жазықбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Шайх-Хасан Жазықбаев әскерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде мәлімдеме жасағанын жазғанбыз.