Ербол Хамитов III дәрежелі «Барыс» орденін иеленді
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы ХIV Қысқы Паралимпиада ойындарындағы (Италия) жоғары спорттық жетістіктері үшін Ербол Хамитовты III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігіне қарасты Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының жаттықтырушылары Василий Коломиец пен Антон Ждановичке «Парасат» ордені, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Үміт» мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорт клубының жаттықтырушысы Аслан Тоқбаевқа «Құрмет» ордені табысталды.
Ербол Хамитов әлемдік додаға аттанар алдында мемлекеттік Туды тапсырып, сенім артқаны үшін Президентке алғыс айтты.
— Осы Паралимпиада ойындары мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Сіздің қолдауыңызбен жеңіске жеттік. Бұған мамандардың және бапкерлердің сіңірген еңбегі зор. Сіздің қолдауыңыз әр спортшыға күш-қуат береді. Біз мұнымен тоқтамаймыз, — деді Паралимпиада чемпионы.
Бұдан бұрын Президент Паралимпиадада спортшылардың жеңіске жетуіне үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдіргенін жазғанбыз.