«Жер кодексі деген Конституциядан кейін тұрған заң емес пе!? Ол құжатта жерді иеленген жеке және заңды тұлғалардың есімі ашық дереккөзде жариялануы керектігі айқын жазылған. Бұл мәселе тіпті бірінші курста оқитын кез келген заңгерге де түсінікті. Парламент қабырғасында осыны айтудың өзі күлкілі. Жер кодексі қолданысқа енгеніне үш жыл болса да, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді кімдер иеленіп отырғаны әлі күнге жасырын. Бұл түрімізбен құқықтық мемлекетті қалай құрамыз?» - деді Мәжіліс депутаты.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, қазір агроөнеркәсіптегі жер телімдерінің қай компанияға тиесілі екені жасырын емес.
Онлайн ресурста ол туралы мәлімет бар. Енді аталған компаниялардың артында кімдер тұрғанын жариялау қалып отыр.
«Өздеріңіз білесіздер, жер учаскелері ауыл шаруашылығы саласында қай компаниялардың иелігінде екенінің бәрі онлайнда анық көрініп тұрады. Сіз әрі қарай соның иелерін көрсетуді айтып отырсыз ғой. Ол мәселені Әділет министрлігімен пысықтап, жазбаша түрде жауап берейін», - деді министр.