Ербол Қарашөкеев мал жайылымдарымен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілетінін айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мал жайылымдарымен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықты мал жайылымдарымен қамтамасыз ету мәселесін жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперациялау және мұндай кооперативтерге босалқы жер қорынан әрі резервтік жер қорынан жер алқаптарын беру арқылы шешу жоспарлануда. Қазіргі уақытта біз «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасын әзірлеп, Парламент Мәжілісіне енгіздік, онда осы жайттардың барлығы көрініс тапты», - деді Е. Қарашөкеев.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерлерін айқындау мақсатында ҚР Үкіметі деңгейінде мемлекеттік органдардың, сарапшылардың және ғылыми институттардың қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылып жатыр. Аудандар (қалалар), облыстар бөлінісінде ауыл шаруашылығы жерлерінің ең жоғары мөлшерлерін Жерлердің аймақтарға бөлінуін ескере отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктердің ауыл шаруашылығы жерлеріне және басқа санаттағы жерлерге арналған жер-шаруашылық орналастыру жоспарлары (елді мекендердің бас жоспарларына ұқсас) әзірленіп, өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімдері қабылданғаннан кейін бекіту ұсынылады.

«Жалпы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерлері 2022 жылғы 1 мамырға дейін бекітілетін болады», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 3,2 млн гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылғанын айтты.