Ерболат Беделхан: Қоғамдағы дүниелерді өнер арқылы көрсету керек

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше SöZ Astana Public Talk алаңында көпшілікке арналған кезекті дәріс өтті. Жиынға ORDA тобының солисі, Ninety One тобының экс-продюсері Ерболат Беделхан мен «Õzen» медиа компаниясының негізін қалаушы Айзатулла Хусейн қатысып, «Қазақстандық медиа: өткені мен ертеңі» тақырыбында ойларын ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикерлер Қазақстанның креативті экономикасының дамуы жайында тәжірибе бөлісті және бұл жұмыстың шет мемлекеттерде қалай жүргізіліп жатқаны туралы әңгімеледі.

Отандық креативті индустрия үшін жаңа таланттарды қалай табуға болатыны, сондай-ақ Қазақстанның дарынды жастары мен олардың продюсерлері қандай қиындықтарға тап болатыны талқыланды. Бұдан бөлек, қазақстандық медианы қазіргі жағдайда қалай дамыту керектігі туралы айтылды.


Продюсер Ерболат Беделханның пікірінше, қоғамда болып жатқан дүниелерді өнер арқылы көрсету керек.

«­Музыканың да өзі – ақпарат. Музыка – менің құралым. 2014 жылы Сеулге барған сапарымда Оңтүстік Корея жұмсақ күш арқылы қалай әлемді таңғалдырғанын байқадым. Біріншісі – интернет, екіншісі – би. Биді де, әлеуметтік желіні де ешкім толықтай бақылап ұстай алмайды. Би – ол өнер, өнер – ол еркін дүние. Ішкі болмысымызды халықпен бөлісу үшін еркіндік керек. «Немен бөлісу, қандай контент шығару керек?» дегенге келетін болсақ: музыканы алайықшы, ол – тұтас елдегі көңіл-күйді көрсету. Қуанышымыз болсын, мұңаятын кездеріміз болсын – оның бәрі біздің болмысымыз, келбетіміз. Сондай-ақ Ninety One тобымен жұмыс істеу барысында үлкен нарық қалыптастыру керек екенін түсіндім. Жалпы айтқанда сөз болсын, өнер болсын олар – жұмсақ күш. Қоғамға ауыр дүниелерді жұмсақ күш арқылы жеткізу қажет», – деді Ерболат Беделхан.


Сонымен қатар ол қазақтың негізгі болмысын, түпкі нұсқасын контент ретінде шығару маңызды екенін атап өтті.

«Өмір болған соң біз нақты әрі шынайы өмір сүруіміз керек. Біріншіден өз-өзімізді алдамауымыз қажет. Ең жаманы біз өз-өзімізді алдап қоямыз. Қазақтың «ұят болады», «болмайды» деген сөзімізбен өзімізді тежей береміз. Біз көтерілмейтін тақырыптарға барып, соларды жарыққа шығаруымыз керек. Өнер соны халыққа жеткізудің таптырмас құралы. Бұл жерде «ұлттық құндылық» деген сөз бар соны ұмытпауымыз қажет. Идеологияны, ұлттық құндылықты қорғау үшін біз қайталанбас контент дегенге талпынамыз. Оны қайдан аламыз? Тағы сол Еуропаға, Америкаға мойын созамыз. Ал ұлттық құндылық дегенді сырттан ала алмаймыз. Өйткені ол біздің ішімізден пісіп шығатын болмысымыз. Сол себепті біз эсклюзивті дүние деп шетелге жалтақтамай, өзіміздің түпкі болмысымызды, ұлттық құндылықтарымызды контент қылып шығаруымыз қажет», – деді Ерболат Беделхан.


«Õzen» медиа компаниясының негізін қалаушы Айзатулла Хусейн заманауи қазақстандық музыканың қалай және кімге арналғаны туралы айтып берді. Оның айтуынша, қазақ тілінде шығатын OZEN жұмысын негізінен орыстілді аудитория тыңдайды: орыс тіліндегі пікірлер шамамен 80% құрайды.

«Біз үлгі алып, таңғалып жүретін елдер шығармашылық жағынан әлсірей бастайды. Қазіргі таңда Қазақстанда өз таланттары мен дарындары бар. Олар гүл сияқты ашылуы керек, содан кейін біз өз идеяларымызды әлемге жеткіземіз», – дейді Айзатулла Хусейн.


Сонымен қатар ол бүгінгі медиакеңістікте Қазақстандық контент жасаушылардың да ықпалы артып келе жатқанын, жыл сайын буын алмасып, қарқынды жұмыстар жүзеге асып жатқанын жеткізді.

«Ресей ақпараттық түрде жабылып жатыр. Ертең бүкіл әлем үшін орыс тіліндегі контентті кім жасайды? Музыка, видео, YouTube, Tik-Tok кім түсіреді? Біз мұны істей аламыз. Өйткені, біз де бұндай деңгейге жеттік», – деді ол.