Бүгінде Наурызбай ауданының «Ақжар», «Шұғыла», «Тастыбұлақ», «Таужолы», «Жайлау», Қарғалы, «Құрамыс», «Таусамалы» ықшамаудандарында 149,6 км су құбыры және 74,8 км кәріз желілерін тарту жұмысы жүріп жатыр.
Жұмыстар толық аяқталған соң ауданның 150 мың тұрғыны ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, қала әкімі «Қарғалы» сүзгі станциясы болды. Оның құрылысы шілде айында аяқталады деп жоспарлануда.
Жаңа станция ауданның 40 мыңнан астам тұрғынын сумен (Қарағайлы, Қарғалы, Тастыбұлақ, Құрамыс ықшам аудандары) қамтамасыз етеді.
Наурызбай ауданында тұрғындардың жайлылығы үшін «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы аясында балалар, ойын және спорт алаңдары салынды.
Ерболат Досаев бағдарламаны қаржыландыруды 500 млн теңгеге (1,8 млрд теңгеге дейін) ұлғайтуды тапсырды.
Сапар барысында Қарағайлы ықшам ауданындағы дәрігерлік амбулаторияның апатты ғимараты бойынша шешім қабылданды. Нысан сейсмикалық қауіпті және 2018 жылы пайдалануға жарамсыз деп танылған. Алматы әкімінің ұсынысы бойынша амбулатория орнына «Әлеуметтік қызметтер үйі» жобасы үлгісінде көпбалалы аналар үшін әлеуметтік нысан салынатын болады.
Қала басшысы Құрамыс ықшам ауданындағы мемлекеттік меншіктегі жерлерде (6 га) емхана мен балабақша салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтауды тапсырды.
Көшпелі жиын барысында қала басшысы инженерлік желілердің құрылысына, жол жабынын қалпына келтіруге ерекше назар аударды.
Қалалық мобильділік басқармасына Тастыбұлақ ықшамауданында биыл ұзындығы 4,5 км жолды асфальттау тапсырылды.
Қаладағы бау-бақша қоғамдастықтарының мәселесіне байланысты аудан әкімдіктері Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасымен бірлесіп олардың мәртебесін наурыз айының соңына дейін анықтайды.
Сондай-ақ, қала басшысы Тастыбұлақ және Ақжар ықшам аудандарындағы су құбыры мен кәріз желілеріне қосу үшін жаңа жобаға бау-бақша қоғамдастықтарының ескерілмеген көшелерін енгізу қажеттігін атап өтті.
Қала әкімі наурыз айында балаларды қабылдайтын Ақжар ықшам ауданындағы 120 орынды жаңа балабақшаны аралап көрді.
Сонымен қатар, көшпелі кеңес барысында (ауданның әкімшілік орталығы) мектеп пен бассейні бар 15 га дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу мәселесін шешуді тапсырды.
Сонымен бірге мегаполис басшысы Төле би көшесі мен Абай даңғылын ұзартудың жай-күйін тексерді.
Ерболат Досаев жер учаскелерін сатып алу процесін жеделдету және осы жобаларды 2022-2023 жылдары кезең-кезеңмен іске асыруды бастау қажеттігін атап өтті.
Сапар барысында Наурызбай ауданының әкімшілік орталығына дейін метрополитенді жобалау мәселесі қаралды.
Аралау соңында қала әкімі ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған Абай ықшам ауданындағы («Алма Сити-5» ТК, «Qazaq Stroy» мердігерлік ұйымы) 1200 орынды мектеп құрылысының барысымен танысты.
Сондай-ақ Шұғыла ықшам ауданында (Алатау даңғылы және «Алем Сити» ТК) қосымша екі мектепті іске қосу жоспарлануда.
Жалпы ауданда 2022 жылы барлығы 8390 орынды 7 мектеп және 1320 орынды 5 балабақша салу көзделген.
Аралау қорытындысы бойынша қала басшысы Наурызбай ауданы әкімінің жұмысын мақұлдады және «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында ауданды одан әрі дамытуды жалғастыруды тапсырды.