Ерден Қажыбек: Шетелдік қазақ диаспоралары тілдік жәрдемге зәру
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен өткізілген жиында латын графикасындағы әліпбидің кейбір тұстары талқыланды.
Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Қажыбек Ерденнің айтуынша, шетелдік қазақ диаспоралары тілдік жәрдемге зәру.
Профессордің сөзінше, емле ережелерінің нұсқалары жыл соңына дейін дайындалады.
«Латын әліпбиіне көшу барысында емле ережелері жасалады. Жыл аяғына дейін басты ережелердің нұсқалары даярланады. Келесі жылы орфографиялық, орфоэпиялық анықтауыштар мен сөздіктердің толық жиынтығы шығады. Терминология, атау саласы, ономастика, тіл мәдениеті оқулықтары жарық көреді», - деді ол.
«Қазақ тілінің латынға көшу регламенті 3 кезеңнен тұрады. 1 кезеңге байланысты жұмыс жоспарымызды жасап қойдық. Жаңа жылға дейін нәтижесі шығады. Қазіргі уақытта біздің ғалымдар орфографиялық ережелермен жұмыс істеуде», - деді орталықтың бас директоры Ғарифолла Есім.
Академик халық пікірімен санасу - латын қарпіне көшуде сәтті қадам деп есептейді.
Сондай-ақ латын әліпбиін енгізу барысында мобильді қосымша жасалуы мүмкін екені айтылды.
Үкімет жоспарына сай 2020 жылдан бастап мектепке даярлық тобы латын әліпбиін меңгере бастайды. 2021 жылы 1 сыныптан бастап мектеп бағдарламасына енгізіледі. Әрі қарай нақты жоспар жасалып, барлық сала бойынша латын графикасына көшу жұмыстары жүреді. Қазіргі таңда ұстаздар корпусының білімін жетілдіру шаралары өтуде.