ЕРДЕН САНДЫБАЙҰЛЫНЫҢ КЕСЕНЕСІ

ен Сандыбайұлының кесенесі - Қарағанды облысының Ұлытау ауданының Бозтұмсық ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 18 шақырым жерде Қаракеңгір өзенінің бойында орналасқан.

Ерден Сандыбайұлы 1808-1862 жылдар аралығында ғұмыр кешкен, Ұлытау өңіріндегі Бағаналы-Найманнан шыққан қазақ батыры, биі. Ол 35 жасында аға сұлтан болған. Қазіргі Қарағанды облысының Ұлытау маңы, бұрынғы Атбасар өңірінде туып, билік еткен. Ерден би Орта жүздің Бағаналы руының Жырық атасынан тарайды. Ерденнің атасы Төлек батыр, әкесі Сандыбай да кезінде ел қорғаған батыр болған. Ерден жастайынан батыр әкесінің жанында жүріп ел билігіне араласқан. Батырлық, шешендік сайысқа түсіп, өзінің ержүрек ерлігі, бір бет өжет шешендігімен көзге түскен. 

1840 жылы Терісаққан өзені бойындағы Бегентай сай, Сандық кескен, Қайрақты ауылдарына болыс болған. Ерден аға сұлтан боларының алдында 1855 жылдың наурыз айында Ресей патшасы ІІ Александрдың таққа отыру рәсіміне делегат боп шақырылған. Ерден аға сұлтан болып сайланған соң көп ұзамай-ақ 54 жасында дүниеден өткен.

Кесененің беткі жабындысы күйдірілген кірпіштен қаланған. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан кейін кесененің кірпіші мүжіліп, күмбезі бұзылып біткен. Кесене сегіз қырлы, күмбезді, шикі кірпіштен қаланып, іші-сырты күйдірілген кірпіштен өрілген. Әрбір қыры 2,5 м, биіктігі 4,20 метр кесене қабырғасының сыртқа шығып тұрған төменгі бөлігі 45 см.

1999 жылдың қыркүйек айында Ұлытау ауданының және Жезқазған, Сәтбаев қалалары халқының күшімен Ерден Сандыбайұлының кесенесі толық қалпына келтірілген.

Ескерткішті 1983 жылы Орталық Қазақстан экспедициясы зерттеген.

 

 

  

Дерек көзі:

Қ.Ахметов, Ұлытау, «Менің Отаным - Қазақстан» сериясы.