Ердоған қайтадан президент сайлауына түсуі мүмкін екенін білдірді

Фото: Фото: Анадолу

АСТАНА.KAZINFORM - Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған алдағы президенттік сайлауға қатысуы мүмкін екенін айтты.

Оның сайлауға түсу-түспеуі туралы сұрақты оған Шанлыурфа провинциясында өткен Әділет және даму партиясының 8-ші съезінде сөйлеген сөзінен кейін Түркияның танымал әншісі Ибрагим Татлысес қойды.

Бұған Түркия президенті: «Егер сен жақтасаң, мен де қолдаймын» деп күле жауап берді.

Ердоған өзінің саяси жоспары туралы әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ, бірақ оның сөзі елдің саяси және қоғамдық ортасында қызу пікірталас тудырды.

Түркия президентінің бас кеңесшісі Мехмет Учум Ердоғанның жаңа мерзімге ұсынылуы парламент 2027 жылдың екінші жартысында мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешім қабылдаған жағдайда мүмкін екенін атап өтті. Осылайша, мемлекет басшысының жаңа кандидатурасының құқықтық шарттары ел заңнамасына сәйкес болады.

Режеп Тайып Ердоған 2014 жылдан бері президент, оған дейін он жылдан артық Түркияның премьер-министрі қызметін атқарды. Оның басшылығы елдің саяси жүйесіндегі елеулі табыстармен және өзгерістермен, оның ішінде парламенттік басқару түрінен президенттік басқару формасына көшумен ерекшеленді.

Түрік басшысы Түркияның ықпалын белсенді түрде күшейтіп, Палестинаны ашық қолдап, Сирияға қатысты пікірін айтып келеді. Оның тәуелсіз сыртқы саясаты халықаралық аренада қолдауға да, сынға да ұшырап, елдің аймақтағы ұстанымын нығайтты.

Бұған дейін Ердоғанның оппозициялық партия депутатын сотқа бергенін жазғанбыз.