Ердоған Путинге Украина бойынша тараптардың байланыс орнатуына жәрдемдесуге дайын екенін айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Ресей президенті Владимир Путинмен телефон әңгімесінде республиканың Ресей мен Украина арасындағы тікелей байланыстарды жеңілдететін барлық бастамаларға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
— Президент Режеп Тайип Ердоған Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Түркия мен Ресей арасындағы екіжақты қарым-қатынас, Ресей мен Украина арасындағы соғыс, сондай-ақ аймақтық және жаһандық мәселелер талқыланды. Біздің президентіміз Түркия тараптар арасындағы тікелей байланыстарға көмектесетін және аймағымызда тұрақты бейбітшілікке жол ашатын барлық дипломатиялық бастамалар мен қолдау жоспарларына үлес қосуға дайын екенін мәлімдеді, — делінген Түркия басшысы кеңсесінің мәлімдемесінде.
Келіссөз барысында Ердоған сондай-ақ Түркия әділ және ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізу арқылы Ресей-Украина қақтығысын тоқтатуға бағытталған күш-жігерін жалғастыратынын мәлімдеді.
Бұған дейін Ердоған 24 қарашада Путинмен Украинадағы жағдайды талқылайтынын жазған едік.
Еске сала кетсек, Ердоған Ыстанбұлда Ресей мен Украина келіссөзін қайта бастауға шақырды.
Ал Швейцарияда Украина бойынша келіссөз аяқталды. Оған Ұлыбритания, Франция, Германия, Украина және АҚШ өкілдері қатысты.