Ердоған «Твиттерді» жазаламақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия Премьер-Министрі Реджеп Тайып Ердоған «Твиттер» шағын блогының басшылығы салық төлеуден жалтарды деп айыптап, компанияны жауапкершлікке тартуды уәде етті.

Бұндай мәлімдемені үкімет басшысы Ыстамбұлда зауыттың ашылуы барысында сөйлеген сөзінде айтты. Әлеуметтік желілерге қойылған шектеу алып тасталғанына байланысты Ердоған Түркияның Конституциялық сотын халықаралық компаниялардың коммерциялық мүддесін қорғап отыр деп айыптады. Бұдан бұрын хабарланғандай, Түркия премьер-министрі Реджеп Тайип Эрдоган 20 наурыз күні Әділеттік және даму партиясының сайлауалды митингісінде Түркияда барлық әлеуметтік желілер, оның ішінде Twitter жабылатынын мәлімдеген болатын. Ал бұған халықаралық қауымдастықтың қалай қарайтыны үкіметті толғандырмайды деп атап өткен-ді. Сол күні түнде BTK түрік телекоммуникациялық реттеушісі Twitter-ді мүлдем жауып тастаған еді. Алайда, араға бір апта салып, Түркияда Анкара әкімшілік сотының қаулысымен Twitter шағын блогының интернет-сервисіне қойылған шектеу алынды.